Әйел ағзасы – гормондық реттелуі өте нәзік әрі күрделі жүйе. Әйел жыныс гормондарының түзілуі мидың гипоталамус және гипофиз бөлімдерінде басталады. Кейін ми ағзадағы барлық жүйенің қалыпты жұмыс істеп тұрғаны туралы «кері байланыс» алып, қажет болған жағдайда гормондардың бөлінуін реттейді. Сонымен қатар бұл үдеріс репродуктивті жүйенің циклдік ерекшеліктеріне байланысты үнемі өзгеріп отырады. Яғни әйел ағзасы тұрақты түрде қайта бейімделу процесінде болады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жыныс гормондарының өндірілуіне ең алдымен аналық бездер жауап береді. Қыз балаларда бұл бездер шамамен 7–8 жасқа дейін белсенді жұмыс істемейді. Кейін жыныстық жетілу кезеңі басталып, аналық бездер біртіндеп репродуктивті қызметке дайындала бастайды және соған сәйкес ағзадағы басқа да өзгерістерді іске қосады. Репродуктивті кезең, әдетте, 17 жастан 45 жасқа дейін жалғасады. Осыдан кейін аналық бездердің қызметі біртіндеп бәсеңдеп, әйел климакс кезеңіне өтеді.
Әйел жыныс гормондары, әсіресе эстрогендер, тек репродуктивті қызметке ғана емес, ағзадағы көптеген физиологиялық үдерістерге қатысады. Сондықтан күйзеліс, шамадан тыс физикалық жүктеме, тамақтану ерекшеліктері немесе басқа да сыртқы факторлар әйелдің репродуктивті жүйесіне әсер етіп, бір өзгерістің екіншісіне ұласуына себеп болуы мүмкін.
Аналық бездер қызметінің бұзылуы көбіне етеккір алдындағы синдромның айқын белгілерімен немесе етеккір циклінің бұзылуымен байқалады. Кейбір жағдайларда гормондық теңгерімсіздік ұзақ уақыт бойы байқалмай немесе қалыпты жағдайдан аз ғана ауытқу ретінде қабылдануы мүмкін. Алайда ол уақыт өте келе аналық бездердің толыққанды қызмет бұзылысына ұласса, етеккір аралық қан кету, эндометриоз, жатыр миомасы, аналық без кисталары немесе бала көтерудің қиындауы сияқты мәселелерге әкелуі ықтимал.
Әрине, алғашқы ауыр өткен етеккірден кейін, бірден жүкті бола алмаған жағдайда немесе бір-екі күнге созылған көңіл-күйдің құбылуына байланысты бірден гинекологқа жүгіру міндетті емес. Бірақ мұндай белгілер өз денсаулығыңызға мұқият қарауға себеп болуы тиіс.
Дамыған елдерде сақтандыру компаниялары мен мемлекет әйелдердің, әсіресе 40 жастан кейін, тұрақты түрде профилактикалық тексеруден өтуін талап етеді. Өйткені гинекологиялық аурулардың басым бөлігін ерте кезеңде анықтау оларды тиімді емдеуге мүмкіндік береді.
Гормондық бұзылыстың алғашқы белгілерін дер кезінде байқап, назардан тыс қалдырмауға көмектесу үшін оның әртүрлі көріністері туралы материалдар топтамасын ұсынамыз.