Жаздың аптап ыстығы адамдарға ғана емес, смартфон, ноутбук және басқа да электронды құрылғыларға кері әсер етеді. Қатты қызған гаджеттердің өнімділігі төмендеп, аккумуляторының қызмет ету мерзімі қысқарады, тіпті кей жағдайда мүлде істен шығуы мүмкін, деп хабарлайды turkystan.kz.
Мамандар ыстық күндері құрылғыларды қорғаудың бес қарапайым тәсілін ұсынады.
1. Құрылғыны тікелей күн сәулесінде қалдырмаңыз
Смартфон мен ноутбукты мүмкіндігінше көлеңкеде ұстаңыз. Сыртта отырған кезде телефонды күннің астында қалдырмауға және оны ұзақ уақыт пайдаланбауға тырысыңыз. Себебі тікелей күн сәулесінің астында небәрі бірнеше минут тұрған құрылғының өзі қызып кетуі мүмкін.
2. Қызып кеткен телефонды тоңазытқышқа салмаңыз
Телефон немесе ноутбук қызып кетсе, оны тоңазытқышқа не мұздатқышқа қою жақсы шешім болып көрінуі мүмкін. Алайда мамандар мұндай әрекеттен сақтануға кеңес береді.
Температураның күрт өзгеруі құрылғының ішкі бөлшектеріне, әсіресе аккумуляторына зиян келтіруі мүмкін. Бұған қоса, тоңазытқыштағы жоғары ылғалдылықтың әсерінен құрылғының ішіне ылғал жиналып, оның істен шығу қаупі артады.
3. Бөлмені салқын ұстаңыз
Өзіңізге ғана емес, техникаңызға да қолайлы жағдай жасаңыз. Желдеткішті немесе кондиционерді қосып, бөлмеге тікелей күн сәулесінің түсуіне жол бермеңіз. Бұл қарапайым шаралар құрылғылардың қызып кетуінің алдын алуға көмектеседі.
4. Құрылғыға артық жүктеме түсірмеңіз
Аптап ыстықта смартфон мен ноутбукты шамадан тыс жүктемеген жөн.
Бейне көру, ойын ойнау немесе жасанды интеллектке негізделген сервистерді пайдалану процессордың жұмысын күшейтіп, құрылғының қызуын арттырады. Сондай-ақ қуаттау кезінде және экран жарықтығы жоғары болғанда да температура көтеріледі.
Қажет болмаса, энергия үнемдеу режимін қосып, артық қолданбаларды жабыңыз. Мүмкіндік болса, құрылғыны ара-тұра бірнеше минутқа өшіріп, салқындауына мүмкіндік берген дұрыс.
5. Қаптарын уақытша шешіңіз
Смартфонның қорғаныш қаптары мен ноутбукқа арналған кейбір қаптамалар ауа айналымын тежеп, құрылғының табиғи түрде салқындауына кедергі келтіреді. Сондықтан телефон қатты қызып кеткен жағдайда қапты уақытша шешіп қойған жөн.
Алайда құрылғыны қапсыз пайдаланғанда оны түсіріп алу немесе зақымдап алу қаупі жоғарылайтынын да естен шығармаған дұрыс.