Польшадағы Татра тауларында Литвадан келген ерлі-зайыпты ChatGPT ұсынған бағытпен жүріп, қауіпті жартасты аймақта қалып қойған. Оларды құтқарушылар тікұшақпен эвакуациялады, деп хабарлайды turkystan.kz.
TVN24 журналисі Мацей Станиньскийдің айтуынша, туристер жорық кезінде жолды қысқарту үшін жасанды интеллект чатынан кеңес сұраған.
Нейрожелі оларға Бес поляк көлі алқабына Свиницка полка арқылы жетуді ұсынған. Алайда саяхатшылар белгіленген туристік соқпақтан шығып кетіп, Свиницка шыңының солтүстік беткейіндегі күрделі альпинистік аумаққа тап болған.
"Бұл бағыт оларды ашық әрі өте қауіпті жартасты жерге алып келген. Өз бетімен шығу мүмкін болмағандықтан, туристер TOPR құтқару қызметіне хабарласуға мәжбүр болды", – деді журналист.
Ерлі-зайыпты Небеска Турня жартасының түбінде қалып қойған. Құтқарушылар бұл аумақтың қарапайым туристік бағытқа жатпайтынын және арнайы альпинистік дайындықты қажет ететінін атап өтті.
Оқиға болған күні ауа райы қолайлы болғандықтан, құтқарушылар туристерді тез тауып, екеуін де тікұшақпен Закопане қаласына жеткізді.
Алдын ала мәлімет бойынша, саяхатшылар зардап шекпеген.