Америкалық Reflect Orbital стартабы түнгі уақытта Жерге күн сәулесін шағылыстыратын ғарыш айнасы жобасын сынақтан өткізбек. Компанияның алғашқы демонстрациялық спутнигі Eärendil-1 деп аталады. АҚШ-тың Федералдық байланыс комиссиясы оған төмен Жер орбитасында жұмыс істеу үшін қажетті радиожиілік рұқсатын берді, деп хабарлайды turkystan.kz metro.co.uk-ге сілтеме жасап.
Eärendil-1 орбитаға шыққаннан кейін көлемі шамамен 18 метрге 18 метр болатын жұқа айна ашуы тиіс. Бұл айна Күн сәулесін Жер бетіндегі белгілі бір аймаққа бағыттайды. Америкалық астрономиялық қоғамның мәліметінше, сәуле жер бетінде шамамен 5 шақырымдық аймақты жарықтандыруы мүмкін.
Компания бұл технологияны «қажет кезде қолжетімді күн сәулесі» ретінде таныстырады. Reflect Orbital сайтында мұндай жарықты апат аймақтарын, іздестіру-құтқару жұмыстарын, құрылыс алаңдарын, ауыл шаруашылығы нысандарын және күн электр станцияларын түнде жарықтандыру үшін қолдануға болатыны көрсетілген.
Идея қарапайым көрінгенімен, оның ауқымы өте үлкен. Space.com дерегінше, алғашқы Eärendil-1 спутнигі осы жылы ұшырылуы мүмкін. Егер сынақ сәтті өтсе, Reflect Orbital 2035 жылға қарай төмен Жер орбитасында 50 мыңға дейін осындай айна-спутник орналастыруды көздейді.
Жобаның коммерциялық жағы да назар аудартады. Space Frontier Foundation мәліметіне сәйкес, компания бастапқы кезеңде бір айнаның шағылдырған жарығы үшін сағатына шамамен 5 мың доллар ақы алуды жоспарлаған. Баға аймаққа және пайдалану шартына қарай өзгеруі мүмкін.
Дегенмен жобаға қарсылық та көп. Астрономдар ғарыштағы ірі шағылыстырғыш нысандар түнгі аспанды бақылауға кедергі келтіреді деп алаңдайды. Америкалық астрономиялық қоғам FCC шешіміне байланысты мәлімдеме жасап, мұндай спутниктер ғылыми телескоптарға, табиғи түнгі ортаға және астрономиялық зерттеулерге зиян келтіруі мүмкін екенін ескертті.
Ғалымдардың тағы бір алаңдаушылығы адамның және жануарлардың биологиялық ырғағына қатысты. The Guardian жазғандай, хронобиология және ұйқы зерттеушілері түнгі жарықтың көбеюі ұйқы, гормондық жүйе, жануарлардың көші-қоны, өсімдіктердің маусымдық циклі және теңіз экожүйелеріне әсер етуі мүмкін екенін айтқан.
Сарапшылар бұл құбылысты «орбиталық жарық ластануы» деп атауды ұсынып отыр. Олардың пікірінше, түн мен күннің табиғи алмасуы Жердегі тіршілік үшін маңызды. Сондықтан мұндай жобалар тек технологиялық жаңалық ретінде емес, экологиялық және әлеуметтік салдары бар ғаламдық мәселе ретінде қарастырылуы керек.
Reflect Orbital болса, жарық нақты мақұлданған аймақтарға ғана бағытталатынын, оның қарқындылығын реттеуге болатынын және қажет болған кезде бірден өшіруге мүмкіндік бар екенін мәлімдейді. Компанияның сайтында сәуле «толық күн жарығынан ай жарығына дейін» реттелуі мүмкін екені жазылған.
Әзірге бұл жоба толық іске қосылған коммерциялық жүйе емес. FCC рұқсаты бір демонстрациялық спутникке қатысты. Ал 50 мың айнадан тұратын алып жүйе әлі жоспар деңгейінде. Соған қарамастан, Eärendil-1 миссиясы түнгі аспан, ғарыш бизнесі және Жердегі жарық режимі туралы үлкен пікірталастың басталуына себеп болды.
Егер сынақ сәтті өтсе, адамзат болашақта түнде де ғарыштан «күн сәулесін» тапсырыспен алатын кезеңге қадам басуы мүмкін. Бірақ басты сұрақ сол күйінде қалады: мұндай технология расында қажет пе, әлде табиғи түннің құнын тым кеш түсінеміз бе?