13 шілдеге қараған түні Таиланд астанасының солтүстік бөлігіндегі барлардың бірінде өрт шықты. Өрт сөндірушілер жариялаған бейнежазбада іште болған адамдардың сыртқа қашып құтылуға әрекет жасағаны көрінеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бангкоктағы барда болған өрт салдарынан кемінде 27 адам қаза тапты. Таиландтың премьер-министрі Анутхин Чанвиракун оқиға орнында журналистерге 27 адамның көз жұмғанын растады.
Оның айтуынша, бірнеше зардап шеккен адам ауруханаға жеткізілген. Қазіргі уақытта билік өрттің шығу себебін анықтап жатыр. Мәліметке сәйкес, барда өнер көрсеткен музыкант премьер-министрге сахна маңындағы электр қалқанынан түтін шыққанын көргенін, артынша жарылыс болғанын айтқан.
Өрттің нақты шығу себебі барлық қажетті сараптамалар аяқталғаннан кейін белгілі болады. Ресми мәлімет бойынша, өрт сөндірушілерге жалынды толық бақылауға алу үшін кемінде жарты сағат уақыт қажет болған.
Бұған дейін де Таиландта осындай қайғылы оқиғалар тіркелген. 2022 жылы елдің шығысындағы музыкалық пабта болған өрттен 14 адам қаза тапқан. Ал 2009 жылы Жаңа жыл түні Бангкоктағы Santika түнгі клубында шыққан өрт салдарынан 66 адам көз жұмып, 200-ден астам адам жарақат алған. Ол кезде өрт ғимарат ішінде атылған отшашудан тұтанған.