Ақмола облысының Бурабай ауданында квадроцикл мінген қыз қаза тапты, деп хабарлайды turkystan.kz.
7 шілде күні Зеленый Бор кенті мен Бурабай ауылының арасындағы жолда квадроцикл тізгіндеген, Астана қаласының 22 жастағы тұрғыны рөлге ие бола алмай, аударылып кеткен.
Алған ауыр жарақаттарының салдарынан бойжеткен оқиға орнында көз жұмды. Ал квадроциклдің 2007 жылы туған жолаушысы, Астана қаласының тұрғыны, медициналық көмекке жүгінді.
Аталған жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында полицейлер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Сондай-ақ квадроциклдерді жалға беру пунктінің қызметі, мототехниканы жалға беру кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуы және қайғылы оқиғаға әсер етуі мүмкін басқа да себептер тексерілуде.
Полиция департаменті өңір тұрғындары мен қонақтарын квадроциклдер мен өзге де мототехникаларды пайдалану кезінде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырды. Сапар алдында көлік құралының техникалық жағдайын тексеру, қорғаныс құралдарын пайдалану, қауіпсіз жылдамдықты сақтау және пайдалану қағидаларын бұзбау ұсынылады.