Алаяқтарға ақша аударып қойсаңыз, не істеу керек? Полиция түсіндірді

/
Алаяқтарға ақша аударып қойсаңыз, не істеу керек? Полиция түсіндірді
istockphoto

Алаяқтардың арбауына түсіп, ақшаңызды аударып қойғаныңызды түсінсеңіз, ең әуелі сабыр сақтап, уақыт оздырмай әрекет етіңіз. Өйткені банкке және полицияға дереу хабарласу күмәнді аударымды дер кезінде бұғаттап, қаражатты қайтару мүмкіндігін арттырады. Бұл туралы Қостанай облысы полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полиция майоры Олжас Мағыпаров айтып берді.

Бірден банкке хабарласыңыз

Ең әуелі ақша аударылған банкке дереу қоңырау шалыңыз. Қаражат түскен шоттың қай банкте ашылғанын білсеңіз, сол қаржы ұйымына да хабарласқаныңыз жөн.

– Азамат банкке немесе полицияға неғұрлым ертерек хабарласса, ақпарат антифрод жүйесіне соғұрлым жылдам енгізіледі. Бұл күмәнді операцияны бастапқы кезеңде-ақ анықтап, қаражатты бұғаттауға мүмкіндік береді, - деді Олжас Мағыпаров.

Полицияға арыз жазыңыз

Банкке хабарласқаннан кейін уақыт оздырмай полицияға арыз жазу қажет. Құқық қорғау органдары аударымға қатысты мәліметтерді антифрод жүйесіне енгізіп, тексеру жұмыстарын бастайды.

Барлық дәлелді сақтап қойыңыз

Полиция алаяқтарға қатысты ешбір мәліметті өшірмеуге кеңес береді. Тергеу барысында мынадай ақпарат қажет болуы мүмкін:

алаяқтар хабарласқан телефон нөмірлері;

мессенджерлердегі хат-хабарлар;

ақша аударылған банк шоттарының деректемелері;

төлем жасалғанын растайтын түбіртектер мен банк чектері.

Майордың айтуына қарағанда, жәбірленуші неғұрлым көп мәлімет ұсынса, алаяқтық схемаға қатысы барларды анықтау мүмкіндігі соғұрлым жеңіл болады.

Ақшаны қайтаруға бола ма

Алаяқтарға аударылған қаражатты қайтарып алу әрдайым мүмкін бола бермейді. Бұл көбіне жәбірленушінің қаншалықты жедел әрекет еткеніне байланысты.

Қылмыстық іс бойынша тергеумен қатар, жәбірленуші ақша түскен шот иесіне қатысты сотқа азаматтық талап-арыз беріп, аударылған қаражатты негізсіз баю ретінде өндіріп алуды талап ете алады.

Қазір ең көп таралған алаяқтық тәсілдері қандай

Полицияның мәліметінше, бүгінде ең жиі кездесетін алаяқтықтың үш түрі бар.

Біріншісі – телефон арқылы жасалатын алаяқтық. Алаяқтар өзін полиция қызметкері, емхана, коммуналдық мекеме, Қазпошта, банк, маркетплейс, Қазақтелеком немесе электрмен жабдықтаушы ұйымның өкілі ретінде таныстырып, SMS арқылы келген кодты айтуды сұрайды.

– SMS-кодтың өзі алаяқтарға ақшаңызды бірден иеленуге мүмкіндік бермейді. Бұл – тек жүйеге кіруге арналған бір реттік растау коды. Негізгі қауіп адам алаяқтардың айтқанын бұлжытпай орындап, кейінгі әрекеттерге де келісім берген кезде туындайды, - деп түсіндірді Олжас Мағыпаров.

Екіншісі – жалған инвестициялық және тез табыс табуға уәде беретін жобалар. Көп жағдайда олар танымал тұлғалардың дипфейк технологиясы арқылы жасалған видеоларын пайдаланып, азаматтарды «тиімді инвестициялық жобаға» ақша салуға үгіттейді.

Үшіншісі – маркетплейстердегі алаяқтық. Полицейлер мұндай жағдайда сатып алмас бұрын сатушының сенімді екеніне көз жеткізуге, дүкеннің нақты мекенжайын тексеруге, тауарды видеобайланыс арқылы көрсетуді сұрауға және күмән туындаса, алдын ала ақша аудармауға кеңес береді.

Есте сақтайтыннегізгі қағида

Полиция қай ұйымның атынан хабарласса да, телефон арқылы берілген нұсқауларды орындамауға, SMS-кодтарды ешкімге айтпауға және ақша аудармауға үндейді. Сондай-ақ интернеттен тез әрі оңай табыс табуға қатысты ұсыныстарға сенбеген жөн. Қандай да бір қаржылық шешім қабылдамас бұрын ақпаратты ұйымдардың ресми сайттарынан міндетті түрде тексеріп алған дұрыс.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары