ЖСДП кандидаттары «Руханият» орталығында жастармен кездесті

/
ЖСДП кандидаттары «Руханият» орталығында жастармен кездесті
ЖСДП сайты

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиядан (ЖСДП) Құрылтай депутаттығына кандидаттар – Жамбыл облыстық ЖСДП филиалының төрағасы Ержан Дауренбеков пен филиалдың Жастар қанатының төрағасы Еркін Қайырбекұлы облыстық «Руханият» орталығында жастармен кездесу өткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Кездесу барысында кандидаттар ЖСДП-ның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, партияның әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге, халықтың әл-ауқатын арттыруға, азаматтардың құқықтарын қорғауға және барша қазақстандық үшін тең мүмкіндіктер қалыптастыруға бағытталған бастамалары туралы баяндады. Сондай-ақ жастардың қоғамдық-саяси процестерге белсенді қатысуының маңыздылығына назар аударылды.

«Біз үшін сайлауалды бағдарлама – жай ғана ұсыныстар жиынтығы емес. Ол халықпен кездесулер барысында көтерілген мәселелерге жауап беруге және қоғамдағы нақты өзгерістерге жол ашуға тиіс. Бұл процесте жастардың орны ерекше. Жастардың жаңа көзқарасы, белсенділігі мен батыл бастамалары елдің дамуына серпін бере алады. Сондықтан біз жас буынның үнін естіп, олардың қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласуына мүмкіндік жасауымыз қажет», – деп атап өтті Жамбыл облыстық ЖСДП филиалының төрағасы Ержан Дауренбеков.

Өз кезегінде Еркін Қайырбекұлы жастарға партия бағдарламасындағы әлеуметтік бағыттарды таныстырып, әсіресе білім беру мен денсаулық сақтау салаларының қолжетімділігіне кеңінен тоқталды. Кандидаттың айтуынша, сапалы білім алу мен медициналық көмекке қол жеткізу азаматтың әлеуметтік немесе материалдық жағдайына тәуелді болмауы тиіс. ЖСДП ұстанымдарының бірі – әрбір қазақстандық үшін сапалы білім мен медициналық көмектің қолжетімді болуына жағдай жасау.

«Біздің басты мақсаттарымыздың бірі – әрбір қазақстандық үшін сапалы білім мен медицинаны қолжетімді ету. Ал осы өзгерістерді жүзеге асырудағы негізгі қозғаушы күштердің бірі жастар болуы керек. Бүгінгі жастардың жаңа идеясы, жаңа көзқарасы мен белсенділігі еліміздің ертеңгі бағытын айқындайды. Біз жастармен бірге барша азаматқа тең мүмкіндік берілетін жаңа әрі әділетті Қазақстанды құруға ұмтылуымыз қажет», – деді Еркін Әбдиев.

ЖСДП өкілдерімен кездесу ашық диалог форматында жалғасып, қатысушылар кандидаттарға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, қоғамдағы өзгерістер мен жастар саясатына қатысты ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. ЖСДП үміткерлерімен кездесуге қатысқан жастар да өз пікірлерін білдіріп, жас буынға тек мемлекеттік бағдарламалардың қатысушысы ретінде емес, қоғамдағы өзгерістерге тікелей ықпал ете алатын белсенді күш ретінде қарау қажеттігін атап өтті.

Кездесу соңында ЖСДП мүшелері Ержан Дауренбеков пен Еркін Әбдиев жастарға белсенді азаматтық ұстанымдары үшін алғыс білдіріп, елдің болашағына бейжай қарамай, қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласуға шақырды. Сондай-ақ әділетті әрі мүмкіндіктері тең қоғам қалыптастыру мемлекет, қоғам және белсенді жастардың бірлескен жұмысы арқылы жүзеге асатынын атап өтті.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар