Алматы облысының таулы аймағынан белгісіз адамның мәйіті табылып, құтқарушылар оны шамамен 3400 метр биіктіктен эвакуациялады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, мәйітті Талғар ауданындағы Северцев мұздығы аумағында жүрген шетелдік туристер байқап, тиісті қызметтерге хабар берген.
Оқиға орнына ТЖМ құтқарушылары аттанып, жетуі қиын таулы аумақтан мәйітті алып шықты. Эвакуация жұмыстарына «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағы жұмылдырылған.
«Эвакуациядан кейін мәйіт қаза тапқан адамның жеке басын анықтау және болған оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Алматы облысының жедел-тергеу тобының қызметкерлеріне тапсырылды», – деп хабарлады ТЖМ.
Қазіргі уақытта марқұмның кім екені және оның қандай жағдайда қаза болғаны анықталып жатыр.
Осы оқиғадан кейін ТЖМ тауға шығуды жоспарлаған азаматтарға қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды ескертті. Мамандар маршрутты алдын ала зерттеп, ауа райын ескеруге және өзінің физикалық дайындығын дұрыс бағалауға кеңес береді.
Сондай-ақ тауға шығар алдында жақын адамдарға жүретін бағыт пен қайтып келетін уақытты хабарлау, қажетті жабдықтар мен байланыс құралдарын бірге алып жүру қажет. Төтенше жағдай туындаса, 112 нөміріне хабарласу керек.