Ағза үшін стресс – көптеген физиологиялық процеске әсер ететін маңызды фактор. Ол ағзада түрлі өзгерістерді, соның ішінде шаштың қатты түсуін де туындатады. Бұл туралы медицина ғылымдарының кандидаты, дерматолог-трихолог, «Кәсіби трихологтар қоғамы» ұйымының Мәскеу өңірлік бөлімшесінің төрайымы әрі М.Я. Мудров атындағы Денсаулық клиникасының бас дәрігері Мария Халдина Lenta.ru басылымына айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Маманның сөзінше, күйзеліске байланысты шаш түсу бүгінде кең таралған құбылысқа айналған. Тіпті оны «эпидемия» емес, бүкіл әлемге ортақ мәселе екенін көрсету үшін «пандемия» деуге болады. Дегенмен оның негізгі себебі тек стресс деп есептеу дұрыс емес.
Халдина шаш түсуіне дұрыс тамақтанбау да әсер ететінін айтты. Бұл жерде тағамның түрінен бөлек, оның сапасы, қоректік құндылығы және өнеркәсіптік өңдеу деңгейі маңызды. Мысалы, фермерлік қызанақ пен тауық еті табиғи болғанымен, қоректік құндылығы төмен болуы немесе дұрыс сақталмауы мүмкін.
«Тағамның сапасын оның дәмінен-ақ байқауға болады. Мұнда дәмдеуіштер мен тұздықтардың емес, өнімнің өз табиғи дәмі маңызды. Сонымен қатар қоршаған ортаның ластануы, әсіресе ірі қалаларда, шаш денсаулығына кері әсер етеді. Қимыл-қозғалыстың аздығы зат алмасуды баяулатып, қан тамырларын әлсіретеді. Ақпараттық жүктеменің артуы да өз ықпалын тигізеді. Ғалымдар әлеуметтік желілердің психикаға әсері кейде асыра бағаланатынын айтқанымен, ол да қосымша қауіп факторларының бірі», – деді маман.
Трихологтың айтуынша, бүгінде бірнеше жағымсыз фактор қатар әсер етіп, бір-бірінің ықпалын күшейтеді. Соның салдарынан шаштың түбі әлсіреп, шаш жіңішкеріп, түсу процесі жылдамдайды.