Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әділетті қоғам құру, заң үстемдігін орнату және мемлекетті басқаруды цифрландыру мәселелерін үнемі назарда ұстап келеді. Кейінгі жылдары қолға алынған маңызды бастаманың бірі – заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару және оларды халық игілігіне пайдалану.
Бұл бағыттағы жұмыстардың жүзеге асуына «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС де өз үлесін қосып келеді. Компанияның негізгі міндеті – мемлекет меншігіне өткен активтердің сақталуын қамтамасыз ету, оларды тиімді басқару және ашық әрі бәсекелі негізде іске асыру.
Компанияның бас директоры Қуанышбек Мұқаштың айтуынша, бүгінде цифрландыру мен ашықтық барлық жұмыстың басты қағидатына айналған.
– Президент мемлекеттік басқаруда тиімділік пен ашықтықты арттыруды үнемі айтып келеді. Біз осы қағидаттарды күнделікті қызметімізде басшылыққа аламыз. Актив мемлекет меншігіне өткеннен кейін оның сақталуын қамтамасыз етіп, кейінгі тағдырын заң аясында шешеміз. Бұл ретте цифрлық құралдардың маңызы ерекше, – дейді ол.
Қазіргі таңда активтерді өткізу негізінен E-Qazyna электрондық платформасы арқылы жүзеге асырылады. Бұл барлық қатысушыларға тең мүмкіндік беріп, сауда-саттықтың ашық өтуін қамтамасыз етеді. Электрондық цифрлық қолтаңбасы бар кез келген азамат немесе компания өңіріне қарамастан аукционға қатыса алады.
Бүгінде Компанияның теңгеріміне жалпы құны 99,8 млрд теңгені құрайтын 269 актив қабылданған. Олардың қатарында тұрғын және коммерциялық жылжымайтын мүлік, жер учаскелері, заңды тұлғалардағы үлестер, сондай-ақ зергерлік бұйымдар бар.
Осы уақытқа дейін 51,7 млрд теңгенің активтері сатылды. Сонымен қатар активтерді басқару барысында жалға беру, дивидендтер және басқа да көздер есебінен қосымша 1,85 млрд теңге табыс түскен.
Жалпы алғанда, Компания қызметінің нәтижесінде Арнайы мемлекеттік қорға шамамен 51,03 млрд теңге аударылды.
Қайтарылған активтердің барлығы міндетті түрде сатылмайды. Қоғамдық немесе мемлекеттік маңызы бар нысандар мемлекет меншігіне беріледі. Бүгінге дейін жалпы құны 29,1 млрд теңгені құрайтын 32 актив мемлекетке тапсырылған.
Олардың қатарында Алматы қаласы мен Алматы облысындағы шамамен 24 мың гектар жер учаскелері, «Қарағанды Су» ЖШС-дегі қатысу үлесі, «Қорғас» халықаралық орталығындағы нысандар, Астанадағы тұрғын үй және Ұлттық музей қорына берілген тарихи-мәдени құндылықтар бар.
Қайтарылған активтерден түскен қаражат Арнаулы мемлекеттік қорға бағытталып, кейін әлеуметтік маңызы бар жобаларды қаржыландыруға жұмсалады. Бүгінде бұл қаражат мектептер, денсаулық сақтау нысандары, су құбыры жүйелері және басқа да инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға пайдаланылып келеді.
Сондықтан бұл жұмыстың маңызы тек экономикалық көрсеткіштермен шектелмейді. Қайтарылған активтер нақты әлеуметтік мәселелерді шешуге, өңірлердің дамуына және азаматтардың өмір сапасын жақсартуға қызмет етеді.
– Қайтарылған активтер халыққа пайда әкелуі керек. Біздің басты мақсатымыз – әрбір активтің мемлекет пен қоғам игілігі үшін тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету. Бүгінде оның нақты нәтижесін көріп отырмыз: ашық электрондық сауда-саттық өткізіліп жатыр, ал түскен қаражат әлеуметтік нысандардың құрылысына бағытталуда, – дейді Қуанышбек Мұқаш.
Мемлекет басшысы ұсынған «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жүргізіліп жатқан бұл жұмыстар қоғам сенімін нығайтып, мемлекеттік ресурстардың халық мүддесіне қызмет етуіне мүмкіндік беріп отыр.