Қазақстандықтар біле бермейтін қоңыз турист әйелді өлтіре жаздады

/
Қазақстандықтар біле бермейтін қоңыз турист әйелді өлтіре жаздады
depositphotos.com

Вьетнамда демалып жүрген турист әйелдің басынан өткен жағдайдан кейін томкат қоңызы туралы ақпарат қайтадан көпшіліктің назарын аударды. Алғашында әйел терісіндегі қызаруды күнге күйіп қалғаннан көрген. Алайда бір тәуліктен кейін аяғы ісіп, ашып, ірі күлдіреуіктер пайда болған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Дәрігерлер тексерістен кейін мұның қарапайым жәндіктің шағуы емес, томкат қоңызымен жанасудың салдары екенін анықтаған. Мамандардың айтуынша, әйелдің дер кезінде медициналық көмекке жүгінуі ауыр асқынудың алдын алған. Себебі күлдіреуіктер жарылса, жараға инфекция түсу қаупі жоғары.

Турист әйел демалыс басталғаннан кейін бірнеше күн өткен соң санындағы қызаруды байқаған. Басында ол бұған аса мән бермегенімен, кейін жағдайы күрт нашарлаған: терісі дуылдап, аяғы ісіп, қызарған жер үлкен күлдіреуіктерге айналған.

Сақтандыру компаниясымен байланысқаннан кейін оған жергілікті клиникаға баруға кеңес берілген. Өйткені белгілер томкат қоңызымен жанасқаннан кейін пайда болатын күйікке ұқсас болған. Дәрігерлер диагнозды растаған соң, ем тағайындап, уақытша суға түсуге және күнге күюге болмайтынын ескерткен.

Қазір Вьетнамның Нячанг қаласында бұл жәндіктердің белсенділігі артқаны айтылып жатыр. Мамандар томкатты тері үстінде езуге немесе жалаң қолмен қағып тастауға болмайтынын ескертеді. Себебі жәндік қауіп сезген кезде теріні күйдіретін улы сұйықтық бөледі.

Көпшілік ойлағандай, томкат адамды шақпайды. Қауіп жәндікті абайсызда езіп алған кезде туындайды. Дәл сол сәтте бөлінетін улы зат теріге тисе, химиялық күйік пайда болуы мүмкін.

Ашық дереккөздерде томкаттың уытты заты кобра уынан бірнеше есе күшті екені айтылады. Алайда бұл оның адамды бірден өлтіреді деген сөз емес. Қауіп негізінен терінің қатты зақымдануы, ауырсыну, қышу, күлдіреуік және инфекция түсу ықтималдығымен байланысты.

Токсин теріге тигеннен кейін алдымен қызару пайда болады. Кейін ауырсыну мен қышу күшейіп, герпеске ұқсас ірі күлдіреуіктер шығуы мүмкін. Кейбір жағдайда дене қызуы көтеріліп, буын ауырып, жүрек айну немесе құсу белгілері байқалады. Күйік іздері бірнеше айға дейін сақталуы ықтимал.

Мұндай жағдай бұған дейін қазақстандық туристің де басынан өткен. Астаналық Лаура Балиде демалып жүргенде денесіндегі қызаруды алғашында қарапайым жәндік шаққаннан көрген. Кейін теріде ауыр жара мен үлкен күлдіреуіктер пайда болған.

Ол қатты ауырсыну басталған соң ғана клиникаға жүгінген. Дәрігерлер бұған томкат қоңызы себеп болғанын айтып, аллергияға және қабынуға қарсы ем тағайындаған. Кейін жағдайы күшейген соң, оған бактерияға қарсы жақпа май жағылып, күнделікті таңу жұмыстары белгіленген.

Әлеуметтік желі қолданушылары да мұндай жәндікпен кездескен тәжірибелерін бөлісіп жатыр. Кейбірі томкатты байқамай езіп алып, жарасы бірнеше ай бойы жазылмағанын айтқан.

Мамандар саяхатшыларға кешкі уақытта терезені жауып жүруге, жәндікті қолмен ұстамауға және теріге қонған жағдайда оны езбей, абайлап түсіруге кеңес береді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар