Ұлттық ұлан психологы республикалық байқаудың жеңімпазы атанды

/
Ұлттық ұлан психологы республикалық байқаудың жеңімпазы атанды

Астана қаласында өткен «Үздік психолог» республикалық байқауында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери психологі жоғары нәтиже көрсетіп, жеңімпаз атанды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен білгеніміздей, ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай ұйымдастырылған байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен келген білікті мамандар қатысты. Қатысушылар кәсіби білім деңгейін, тәжірибелік дағдыларын және психологиялық қызмет саласындағы тың бастамаларын таныстырды.

Сайыс қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Атырау қаласында орналасқан 5546 әскери бөлімінің психологі, лейтенант Аружан Бақытжанқызы І дәрежелі дипломмен марапатталып, «Үздік психолог» республикалық байқауының жеңімпазы атанды.

Әскери қызметтің ерекшелігіне сай жеке құрамның моральдық-психологиялық ахуалын қалыптастыру, әскери қызметшілердің психологиялық тұрақтылығын қамтамасыз ету – жауапты міндеттердің бірі. Осы бағытта табанды еңбек етіп жүрген жас офицердің республикалық деңгейдегі жеңісі Ұлттық ұландағы психологиялық қызметтің кәсіби әлеуетін айқындай түсті.

    – Бұл байқау мен үшін тәжірибе алмасудың, кәсіби тұрғыдан дамудың маңызды алаңы болды. Әріптестерімнің жұмыс тәсілдерімен танысып, жаңа әдістемелерді меңгеруге мүмкіндік алдым. Бұл жетістік алдағы уақытта да ізденіп, өз ісіме адал қызмет етуге жігер береді, – дейді лейтенант Аружан Бақытжанқызы.

Ұлттық ұлан сапындағы әскери психологтардың жұмысы әскери ұжымдағы тұрақты психологиялық ахуалды сақтауда, әскери қызметшілердің жауынгерлік рухын нығайтуда маңызды рөл атқарады. Аружан Бақытжанқызының республикалық байқаудағы жеңісі – осы саланың маңызын көрсететін жарқын жетістік.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары