Аргентиналық тележүргізуші Флоренсия Пенья тікелей эфир кезінде Лионель Мессидің әкесі қайтыс болды деп хабарлап, кейін бұл ақпараттың жалған екені анықталды. Осы оқиғадан кейін жүргізуші көпшілік алдында кешірім сұрап, Luzu TV арнасындағы жұмысынан кетті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқиға El Show del Verano бағдарламасының эфирінде болған. Жүргізушіге берілген ақпарат алдын ала тексерілмеген. Соған қарамастан ол тікелей эфирде Мессидің әкесі туралы ауыр хабарды айтып жіберген.
"Жаман хабар айтқым келмейді, бірақ Мессидің әкесі жаңа ғана қайтыс болды. Әлем чемпионатының дәл ортасында мұндай жағдайдың болғаны сұмдық", – деді ол эфирде.
Кейін бұл мәліметтің расталмағаны белгілі болды. Әріптестері жүргізушіге ақпараттың әлі тексерілмегенін ескертіп үлгермеген. Алайда ол кезде жалған хабар эфирде айтылып кеткен еді.
Осыдан кейін Флоренсия Пенья Мессидің отбасынан кешірім сұрады. Ол бұл жағдайға қатты өкінетінін және жалған ақпараттың таралуына себеп болғаны үшін ұялатынын жеткізді.
"Мессидің отбасынан кешірім сұраймын. Олар бастан өткеріп жатқан ауыр сәтте осындай жағдайға себеп болғаныма қатты ұяламын. Бұл ақпарат маған тікелей эфир кезінде берілді, мен соған сеніп қалдым. Дегенмен қателік үшін жауапкершілікті өз мойныма аламын", – деді тележүргізуші.
Luzu TV арнасы да ресми мәлімдеме жасап, тексерілмеген ақпараттың эфирде айтылуын қатаң айыптады. Арна басшылығы бұл жағдайға қатысы бар қызметкерлердің жұмыстан шеттетілгенін хабарлады. Олардың қатарында Флоренсия Пенья да бар.
Арна өкілдері құпия әрі маңызды ақпаратты алдын ала тексерусіз таратуға болмайтынын атап өтті. Сондай-ақ олар жауапты әрі құрметке негізделген ақпарат тарату қағидатын ұстанатынын мәлімдеді.
Ал Лионель Мессидің отбасына келсек, кейін олар Хорхе Мессидің денсаулығына қатысты ресми мәлімдеме жасады. Отбасы оның денсаулығында мәселе бар екенін растағанымен, қазіргі уақытта дәрігерлердің бақылауында екенін және жағдайы жақсарып келе жатқанын хабарлады.
Мессидің жақындары соңғы уақытта тараған қауесеттер мен болжамдарға наразылық білдірді. Олар Хорхе Мессидің жағдайына қатысты нақты ақпарат тек отбасы мүшелері мен ресми дереккөздер арқылы ғана айтылуы керек екенін ескертті.
Отбасы өкілдері мұндай сәтте жауапкершілік, сақтық және адамгершілік танытуға шақырды.