Қазақстан мен Қырғызстан ғылым академиялары дала өркениетін зерттеу жөніндегі халықаралық консорциумға қол қойды

/
Қазақстан мен Қырғызстан ғылым академиялары дала өркениетін зерттеу жөніндегі халықаралық консорциумға қол қойды

Алматы, 2026 жылғы 19 маусым – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының ұйымдастыруымен Алматы қаласында «Қазақ-қырғыз ғылыми ынтымақтастығы: ортақ мүдделер мен ерекшеліктер» атты ғылыми-интеграциялық форум өтті. Форум Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы ғылыми дипломатияны дамытуға, ортақ тарихи-мәдени мұраны зерттеуге және ғылыми ынтымақтастықтың жаңа тетіктерін қалыптастыруға арналды, деп хабарлайды turkystan.kz.                                

Форум жұмысына мемлекеттік органдардың өкілдері, екі елдің ұлттық ғылым академияларының басшылары, академиктер, жетекші ғалымдар, сарапшылар мен қоғам қайраткерлері қатысты. Қатысушылар өңірлік ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, ғылымның қазіргі сын-қатерлерге жауап беру мүмкіндіктерін және ортақ тарихи мұраны зерттеудің басым бағыттарын талқылады.

Іс-шараның басты нәтижесі – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы мен Қырғыз Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы арасында Дала өркениетін зерттеу жөніндегі Халықаралық консорциум құру туралы келісімге қол қойылуы болды. Бұл бастама түркі халықтарының тарихи мұрасын кешенді зерттеуге, бірлескен ғылыми жобаларды іске асыруға, археологиялық экспедициялар ұйымдастыруға, цифрлық архивтер қалыптастыруға және жас ғалымдардың академиялық алмасуын дамытуға бағытталған. 

Форум барысында сөз сөйлеген ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев консорциумның стратегиялық маңызына тоқталып: «Бұл консорциум жай ғана ғылыми ұйым емес. Бұл – Орталық Еуразия халықтарының ортақ тарихи мұрасын зерттеуге арналған жаңа интеллектуалдық платформа. Біз жасанды интеллект, цифрлық гуманитаристика және Big Data технологиялары арқылы дала өркениетін зерттеудің жаңа кезеңін бастауымыз керек», – деп атап өтті. 

Академия президенті сондай-ақ ғылым халықтарды жақындастыратын ең қуатты күштердің бірі екенін айтып, консорциум аясында ортақ ғылыми кеңістік қалыптастыру және болашақ ұрпаққа интеллектуалдық мұра қалдыру басты мақсаттардың бірі болатынын жеткізді. 

Форум аясында Қазақстан мен Қырғызстанның жетекші ғалымдары мен сарапшылары қазақ-қырғыз дипломатиялық байланыстарының тарихи кезеңдері, көшпелі өркениет мұрасы, Қырғызстандағы саяси мәдениеттің трансформациясы, еңбек көші-қоны, су-энергетикалық ынтымақтастық, жоғары білім беру жүйесінің дамуы, ядролық қаруды таратпау режимі және транзиттік стратегиялар мәселелерін талқылады. Баяндамалар қазіргі геосаяси өзгерістер жағдайындағы екі елдің өзара іс-қимылының жаңа бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.

Форумның маңызды ерекшеліктерінің бірі – ғылыми дипломатияны дамытуға ерекше назар аударылуы болды. Қатысушылар ғылымның мемлекетаралық сенімді нығайтудың, ортақ тарихи мұраны зерделеудің және Орталық Азия кеңістігінде тұрақты зияткерлік әріптестік қалыптастырудың тиімді құралы екендігін атап өтті. Осы тұрғыда Дала өркениетін зерттеу жөніндегі халықаралық консорциум ғылыми интеграцияның жаңа институционалдық тетігі ретінде бағаланды.

Қатысушылар форум қорытындысы Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы ғылыми әріптестікті жаңа деңгейге көтеріп, Орталық Азиядағы ғылыми интеграцияны нығайтуға, сондай-ақ Ұлы Дала өркениетінің бай мұрасын халықаралық ғылыми қауымдастыққа кеңінен танытуға ықпал ететінін атап өтті.

Дала өркениетін зерттеу жөніндегі Халықаралық консорциумның құрылуы форумның негізгі тарихи нәтижесіне айналып, қазақ-қырғыз ғылыми ынтымақтастығының жаңа кезеңіне жол ашты.

БАҚ өкілдерін аккредиттеу үшін: Әлиханов Қуантар тел.:+7 775 943 03 05

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары