Жастардың басты сұранысы – мүмкіндік

/
Жастардың басты сұранысы – мүмкіндік

Жастар саясаты туралы сөз болғанда көбіне тұрғын үй, оқу гранты, жеңілдетілген несие немесе әлеуметтік қолдау мәселесі айтылады. Әрине, мұның бәрі маңызды. Алайда ХХІ ғасырдағы табысты мемлекеттердің тәжірибесі бұл саланың мазмұны әлдеқайда терең екенін көрсетеді. Бүгінде дамыған елдер жастарды әлеуметтік қолдауға мұқтаж топ ретінде емес, елдің болашақ экономикалық қуаты мен қоғамдық тұрақтылығын көрсететін стратегиялық ресурс ретінде қарастырады.

Себебі кез келген елдің бәсекеге қабілеті білімді, бастамашыл әрі қоғамда белсенді ұрпаққа тікелей байланысты. Сон­дықтан қазіргі жастар саясатының негізгі мақсаты әлеуметтік көмек көрсету­мен ғана шектелмей, жас азаматтың өз әлеуетін толық жүзеге асыруына жағдай жасауға бағытталған.
Әлемдік тәжірибе осының айқын дәлелі. Мәселен, Германия еңбек нарығы мен білім беру жүйесінің байланысын күшейткен білім беру моделін қалыптас­тырды. Соның нәтижесінде жас­тар оқу барысында-ақ кәсіби тәжірибе жинап, еңбек нарығына дайын маман ретінде шығады. Ал Сингапур жастарды қоғамдық шешім қабылдау үдерісіне кеңі­нен тартып, көшбасшылық қабілет пен аза­маттық жауапкершілікті дамытуға басым­дық береді. Эстония мектеп қабырға­сынан бастап цифрлық сауат пен кәсіп­керлік дағдыны қалыптастыру арқылы иннова­циялық буын тәрбиелеп келеді.
Бұл елдердің тәжірибесін біріктіретін ортақ ұстаным бар. Олар жастарды әлеу­меттік саясаттың нысаны емес, экономи­калық және қоғамдық дамудың белсенді қатысушысы ретінде қарастырады. Осы тұрғыдан алғанда, Финляндия тәжірибесі ерекше назар аударуға тұрарлық. Бұл елде оқуын аяқтаған немесе жұмыссыз қалған әрбір жас қысқамерзім ішінде жұмысқа, тағылымдамаға не қайта даярлау курсына жіберіледі. Мұндай тәсіл жастар жұмыссыз­дығын жеке адамның ғана емес, тұтас қо­ғам­ның мәселесі ретінде қарастырады.
Сарапшылардың пікірінше, жастар саясатының философиясы түбегейлі өзгер­ді. Бұрын мемлекет жастардың мәселесін шешуге ұмтылса, бүгінде олардың өз мәселесін дербес шеше алуына мүмкіндік беретін орта мен қажетті дағды қалып­тас­тыруға басымдық берілуде. Бұл үрдістен Қазақ­стан да шет қалған жоқ.
2000 жылдары елімізде бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар басталды. 2004 жылғы 7 шілдеде «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң қабылданып, кейін институ­цио­налдық тетіктер кезең-кезеңімен күшейтілді. 2012 жылғы 30 шілдеде Білім және ғылым министрлігі жанынан Жастар саясаты комитеті құрылды. Артынша өңір­лерде жастар ісі жөніндегі басқармалар жұмысын бастады.
Уақыт талабына сай заңнама да жаңар­ты­лып отырды. Атап айтқанда, заңға 2005, 2007, 2015, 2018, 2019, 2023, 2024, 2025 және 2026 жылы өзгерістер мен толықтыру­лар енгізілді. 
2019 жылғы түзетулер жастарға арнал­ған әлеуметтік қызметтер ұғымын заңна­ма­лық деңгейде бекітіп, жас отбасы мен жұмыс істейтін жастарды тұрғын үймен қам­тамасыз ету бағытын күшейтті. Ал 2022-2023 жылдары бұл саладағы ең ау­қым­ды реформаның бірі жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде жастардың жас шегі 29-дан 35 жасқа дейін ұлғайтылып, Жас­тардың даму индексі енгізілді әрі жастар еңбек жасағының қызметі заң жүзінде бекітілді. 2026 жылғы өзгерістер жаңа экономиканың талабына бейім­де­луімен ерекшеленеді. Заңға жастарды креативті индустрияға тарту, шығармашы­лық кәсіпкерлікті дамыту және инно­вациялық жобаларды қолдау жөніндегі нормалар енгізілді.
Парламент Мәжілісінің депутаты Жар­қынбек Амантайдың айтуынша, заңның негізгі мақсаты – жас буынның рухани, мәдени, кәсіби және физикалық тұрғыдан жан-жақты дамуына жағдай жасау.
– Құжатта жастардың құқығы мен заңды мүддесін қорғау, оларды әлеуметтік-эко­номикалық және қоғамдық-саяси өмір­ге тарту, азаматтық жауапкершілік пен қазақстандық патриотизмді қалыптастыру негізгі басымдық ретінде белгіленді. Сон­дай-ақ олардың қоғамдық өмірге қатысуы­на, еңбек нарығына бейімделуіне және жұ­мыспен қамтылуына кең жол ашылған, – дейді депутат.
Дегенмен бұл саланың тиімділігі қабыл­данған заң мен бағдарламаның санымен ғана өлшенбейді. Нақты нәтиже жастардың қоғамдағы орны мен өз әлеуетін жүзеге асыру мүмкіндігі арқылы көрінеді. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстанның демогра­фиялық әлеуеті ерекше назар аудартады.
Ұлттық статистика бюросының мәлі­метіне сәйкес, бүгінде елімізде 14 пен 35 жас аралығындағы азамат саны 5,8 мил­лион­нан асады. Яғни, Қазақстан халқының шамамен әрбір үшінші тұрғыны – жастар. Бұл көрсеткіш мәселенің тек әлеуметтік салаға ғана қатысты емес, елдің ұзақмер­зімді дамуына тікелей ықпал ететін маңыз­ды фактор екенін аңғартады.
Әлемдік тәжірибе де осыны дәлелдейді. Үндістан, Нигерия және Пәкістан секілді мемлекеттер жастардың көп болуын жай ғана демографиялық көрсеткіш емес, ұлт­тық дамудың маңызды артықшылығы ретінде бағалайды. Өйткені жас буынның үлесі жоғары қоғам үлкен мүмкіндікке ие болады. Егер бұл әлеует сапалы біліммен, тиімді жұмыспен қамтумен және кәсіп­кер­лікті қолдаумен ұштасса, ол экономикалық өсімнің қуатты драйверіне айналады. Сарап­шылар мұны «демографиялық диви­денд» деп атайды.
Қазақстан үшін де бұл бағыттың маңы­зы зор. Өйткені жастардың саны ғана емес, олардың қай өңірлерде шоғырланғаны да мемлекеттік саясаттың басымдығын ай­қындайды. Өңірлік бөлініске назар аудар­сақ, жастар ең көп шоғырланған аймақтың қатарында Алматы қаласы көш бастап тұр. Мұнда 712 мыңнан астам жас тұрады. Екінші орында 671 мыңнан астам жасты біріктіретін Түркістан облысы. Сонымен қа­тар Астана, Алматы облысы және Шым­­кент алғашқы бестікті түйіндейді.
Ал Түркістан, Жамбыл, Қызылорда және Маңғыстау облысы халық санының табиғи өсімі жоғары өңір ретінде ерек­шеленеді. Демек, алдағы жылдары еңбек нарығына келетін жас буынның қатары да арта түседі. Сондықтан мұнда сапалы білімге қолжетімділікті кеңейту, техника­лық және кәсіптік даярлау жүйесін жетіл­діру, ауыл жастарының цифрлық сауатын арттыру және жаңа жұмыс орындарын құру басым бағыт болып қала береді.
Әлеуметтанушы Айнүр Анарбектің пі­кірінше, қазіргі жастардың құндылығы мен сұранысы айтарлықтай өзгерген.
– Бүгінгі жастардың басты сұранысы әлеуметтік көмек емес, мүмкіндік. Олар сапалы білім алғысы келеді, кәсіби тұрғы­дан өсуді қалайды, кәсіп бастауға ұмтылады және қоғам өміріне белсенді араласқысы келеді. Сондықтан мемлекеттік саясаттың негізгі міндеті жәрдемақы көлемін ұлғайту емес, олардың әлеуетін ашатын орта қал­ып­тастыру болуға тиіс. Әсіресе, өңірлер ара­сындағы теңсіздікті азайту маңызды. Себебі талантты жастардың болашағы оның қай жерде туғанына емес, қандай мүм­кіндік алғанына байланысты болуы керек, – дейді сарапшы.
Бұл пікірді жастармен тікелей жұмыс істейтін мамандар да қолдайды. Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық жастар рес­урстық орталығының басшысы Наурызбай Орынбасаровтың айтуынша, жастар кеңесі мен жастар мәслихаты формалды құрылым емес, қоғамдық ықпал ете алатын институт­қа айналуы қажет.
– Стартап пен әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту арқылы жастарды креативті ин­дустрияның басты қозғаушы күшіне айнал­дыру маңызды. Мемлекет оларға жұмыс іздеуді ғана емес, жаңа жұмыс орнын құру­ды да үйретуі керек. Әсіресе, ауыл жас­тарына арналған цифрлық және кәсіп­кер­лік инфрақұрылымды дамыту өзекті. Өйт­кені Қазақстанның ең үлкен адами капи­талы ауылдық жерде шоғырланған, – дейді ол.
Шын мәнінде, қазіргі жастардың басты сұранысы бұрынғыдай тек әлеу­меттік қол­дау емес. Олар сапалы білім алуға, жаңа дағ­­ды меңгеруге, кәсіп ашуға, технология­лық өзгеріске бейім­делуге және қоғамдық өмірге белсенді араласуға ұмтылады. Сон­дықтан мемле­кеттік саясат та осы қажет­тілікке жауап беруге тиіс.
Қазір әлемде еңбек нарығы түбегейлі өз­геріп жатыр. Жасанды интеллект, цифр­лық технология, автоматтандыру және креативті индустрия жаңа мүмкіндікпен қатар жаңа талап та қалыптастыруда. Мұн­дай жағдайда мемлекет жастарға дайын шешім ұсынудан гөрі олардың бәсекеге қабілетті болуына жағдай жасауы қажет. Өйткені ертеңгі экономиканың табысы бүгінгі жас буынның білімі мен қабілетіне тікелей байланысты.
Сондықтан жастар саясатының тиім­ділігі берілген жеңілдіктің көлемімен емес, олардың өз әлеуетін қаншалықты жүзеге асыра алғанымен өлшенуге тиіс. Өйткені миллиондаған жастың тағдыры – Қазақ­станның алдағы ондаған жылдағы даму бағытын айқындайтын маңызды көр­сеткіш.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары