Ғалымдар жағымсыз жаңалық адам психикасына айтарлықтай әсер ететінін айтып, ақпаратты тұтынуда тепе-теңдікті сақтауға шақырды. Reuters Institute-тың 2025 жылғы есебіне сәйкес, әлемдегі адамдардың шамамен 40%-ы жаңалықтарды әдейі оқудан немесе көруден уақытша бас тартады. Бұл – тіркелген ең жоғары көрсеткіш, деп хабарлайды turkystan.kz Reuters Institute зерттеуіне сілтеме жасап.
Мамандардың айтуынша, адамдардың жаңалықтардан қашуының негізгі себептері – күйзеліс, мазасыздық және дәрменсіздік сезімі. Психология тұрғысынан алғанда, мұндай реакция қалыпты құбылыс саналады. Өйткені адам миы эволюция барысында ең алдымен қауіп-қатерді тез анықтауға бейімделген.
Ғалымдар бұл құбылысты «негативке бейім болу» (negativity bias) деп атайды. Адамдар жағымды ақпаратқа қарағанда жағымсыз жаңалықтарды тезірек байқап, жақсырақ есте сақтайды. Зерттеулер көрсеткендей, жаңалық тақырыбындағы әрбір қосымша жағымсыз сөз материалға қызығушылықты арттырады, ал жағымды сөздер керісінше оқырман назарын азайтады.
Қазір ми жергілікті қауіптермен ғана емес, әлемнің түкпір-түкпіріндегі соғыстар, экономикалық дағдарыстар, климаттық апаттар мен зорлық-зомбылық туралы ақпараттарды қатар қабылдауға мәжбүр. Бұл жүйке жүйесіне қосымша салмақ түсіреді. Зерттеушілер тіпті «жағымсыз жаңалық тұтыну синдромын» (Problematic News Consumption) сипаттаған. Мұндай жағдайда адам жаңалықтардан қол үзе алмай, олар туралы үнемі ойлап жүреді, бұл күнделікті өмір сапасына әсер етеді.
Дегенмен мамандар ақпараттан толықтай бас тартуды да дұрыс шешім деп санамайды. Өйткені бұл адамды жалған ақпарат пен манипуляцияларға осал етеді.
Сарапшылар жаңалықтарды тұтынудың бірнеше тиімді тәсілін ұсынады. Атап айтқанда, жаңалық оқуға белгілі бір уақыт аралығын ғана бөлу, үздіксіз ақпарат ағынынан бас тарту, сенімді әрі сапалы материалдарға басымдық беру және эмоция тудыру үшін арнайы жасалған арандатушы контенттен сақтану қажет.
Ғалымдардың пікірінше, жағымсыз жаңалықтар ағыны азаймайды, алайда адамдар ақпаратты саналы түрде қабылдауды үйрену арқылы оның психологиялық әсерін төмендете алады.