Премьер-министр Олжас Бектенов атына Мәжіліс депутаттары Ә. Мутәлі, М.Ескедіров, Д. Исабеков, Н. Байтілесов сейсмикалық қауіпсіздік жүйесін жаңғырту және жер сілкінісін алдын ала ескертетін инфрақұрылымды цифрландыруды күшейту жөнінде сауал жолдады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Депутаттардың айтуынша, әсіресе Алматы қаласы мен Алматы облысы сияқты сейсмикалық белсенді өңірлерде тәуекел деңгейі жоғары күйінде қалып отыр. Урбанизацияның қарқынды өсуі мен құрылыс тығыздығы да қауіп факторларын күшейтіп отыр.
Мәжіліс өкілдері халықаралық тәжірибеге назар аударды. Мысалы, Жапониядағы UrEDAS жүйесі мен АҚШ-тағы ShakeAlert платформасы жер сілкінісін нақты уақыт режимінде бақылап, инфрақұрылымға автоматты ескерту беруге мүмкіндік береді. Мұндай жүйелер пойыздарды тоқтату немесе қауіпті өндірістерді уақытша жабу сияқты жедел шешімдер қабылдауға көмектеседі.
Сауалда Қазақстандағы қолданыстағы сейсмологиялық мониторинг жүйесі жұмыс істеп тұрғанымен, оны бірыңғай цифрлық платформаға біріктіру қажеттілігі айтылған. Сонымен қатар геодеректерді құрылыс және қала жоспарлау жүйелеріне толық интеграциялау, сейсмикалық карталарды аяқтау және ерте ескерту жүйесін кеңейту ұсынылды.
Депутаттар жер сілкінісі кезінде шешуші фактор – уақыт екенін атап өтіп, ескерту бірнеше секунд ішінде жетуі тиіс екенін айтты. Бұл үшін жасанды интеллект, үлкен деректер және заманауи модельдеу технологияларын кеңінен қолдану қажеттілігі көрсетілген.
Ұсынысқа сәйкес, 2024–2028 жылдарға арналған сейсмологияны дамыту жоспарын толық іске асыру, өңірлік карталарды аяқтау және деректерді ұлттық деңгейде біріктірілген басқару жүйесін құру міндеттері күшейтілуі тиіс.