Топ жарған өрендер

Топ жарған өрендер

Ташкент қаласында математика және информатика пәндерінен өткен әл-Хорезми халықаралық олимпиадасы (KhMIO) өз мәресіне жетті. Әлемнің 10 мемлекетінен жиналған ең дарынды жеткіншектер бас қосқан бұл білім бәйгесінде Қазақстанның намысын қорғаған өрендер феноменальды табысқа қол жеткізді. Зияткерлік додаға қатысқан отандық сегіз оқушының барлығы да жүлдегерлер қатарынан көрініп, ұлттық құрама жүз пайыздық көрсеткішпен ел қоржынына 4 алтын, 3 күміс және 1 қола медаль салды.

Жас таланттардың ғылыми-зерттеу әлеуетін арттыруды және дәлдік ғылымдар саласындағы үздіктерді анықтауды мақсат еткен дода екі кезеңнен (теориялық және практикалық) тұрды. Сынақтардан мүдірмей өтіп, бас жүлде – алтын медальді иеленгендер қатарында Ақтөбе облыстық «Білім-Инновация» лицейінің 9-сынып оқушысы Бердімұрат Ахмет, Павлодардағы «Жас Дарын» мектеп-лицейінің 8-сынып оқушысы Жанделдинов Бексұлтан, Алматы қаласындағы NIS шәкірті Мұхитұлы Алдияр және Алматы РФММ-нің 8-сынып оқушысы Еламан Әлішер бар.
Еліміздің зияткерлік деңгейін асқақтатқан өзге де жеткіншектер жоғары шеберлік танытты. Айталық, Алматы РФММ-нің 9-сынып оқушысы Белгімбаев Әмір, Ақтөбедегі «Білім-Инновация» лицейінің шәкірті Ермұханов Ислам және Қарағанды қаласындағы Н.Нұрмақов атындағы мектеп-лицей-интернатының тәрбиеленушісі Жангелді Санжар олим­пиаданың күміс жүлдесіне ие болды. Ал павлодарлық «Жас Дарын» мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Ғаллам Әлішер тартысты бәсекеде қола медальді қанағат тұтты.
Дарынды өрендерді халықаралық деңгейдегі додаға бастап барып, бағыт-бағдар берген ұлттық құрама жетекшілері — Алматы қаласындағы №165 мамандандырылған лицейдің математика пәнінің мұғалімі Асхат Әбдікулов пен IITU сеньор-лекторы Айбар Қуанышбайдың да еңбегі орасан. Қазақстандық оқушылардың Ташкент төріндегі бұл жарқын жеңісі отандық білім беру жүйесінің жоғары сапасын және жас талант­тарымыздың әлемдік аренада кез келген бәсекеге қабілетті екенін тағы бір мәрте айқын дәлелдеп берді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары