Қазақстан дамуының жаңа кезеңі – Тоқаев конституциялық заңдар топтамасына қол қойды

/
Қазақстан дамуының жаңа кезеңі – Тоқаев конституциялық заңдар топтамасына қол қойды
Ақорда

Мемлекет басшысы 2026 жылдың 15 наурызында қабылданған Конституцияның ережелерін жүзеге асыру мақсатында «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» заңға, «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» заңға және «Әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы» заңға қол қойды, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Қазақстан Халық Кеңесі туралы» конституциялық заңы

Конституциялық заң Қазақстан Халық Кеңесінің құқықтық мәртебесін, өкілеттігін, құрылу тәртібін, құрамын қалыптастыруды және қызметін ұйымдастыруды белгілейді.

Қазақстан Халық Кеңесі жоғары консультативтік орган саналады. Жалпыхалықтық диалогты және азаматтық қоғамның елдегі ішкі саясатты қалыптастыруға қатысуын қамтамасыз ету мақсатында құрылады. Кең ауқымдағы өкілеттікке, соның ішінде заңнамалық бастама көтеруге және жалпыхалықтық референдум өткізуді ұсынуға құқығы бар.

Қазақстан Халық Кеңесі Қазақстан Республикасының азаматтарынан құралады.

Кеңес құрамында тепе-теңдік қағидаты негізінде этномәдени және қоғамдық бірлестіктердің, сондай-ақ астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттары мен қоғамдық кеңестерінің атынан 42 адамнан өкілдік етеді, оны Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.

Халық Кеңесіне Төраға басшылық жасайды. Халық Кеңесінің өкілеттік мерзімі – төрт жыл.

«Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» конституциялық заңы

Конституциялық заң астананың жұмыс істеуі саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді және оның қызметінің құқықтық, экономикалық және ұйымдық негіздерін айқындайды.

Құжатта мәслихаттың, жергілікті өзін өзі басқару органының және қала әкімі жетекшілік ететін жергілікті атқарушы органның өкілеттіктері нақты белгіленген.

Заң шаһардың бірыңғай сәулеттік келбеті мен дизайн кодына қойылатын міндетті талаптарды айқындайды, сондай-ақ елорда тіршілігін қамтамасыз ету және инфрақұрылымды дамыту жөніндегі ведомстволық бағынысты ұйымдардың өкілеттіктерін бекітеді.

«Әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы» конституциялық заң

Конституциялық заң әкімшілік-аумақтық бірліктерді құру және тарату, олардың шекараларын белгілеу және өзгерту, әкімшілік-аумақтық бірліктерді есепке алу және тіркеу, атаулар беру мен атауларды өзгерту тәртібін айқындайды.

Әкімшілік-аумақтық құрылымдағы қоғамдық қатынастарды мемлекеттік реттеудің мақсаты – тиімді мемлекеттік басқару үшін Қазақстан Республикасының ұтымды аумақтық ұйымдастырылуын қамтамасыз ету.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары