Ауылға қарағанда қалада жаңбыр жиірек жауатынын білесіз бе?

/
Ауылға қарағанда қалада жаңбыр жиірек жауатынын білесіз бе?
сурет: istockphoto.com

Аустралиялық ғалымдар қалада жаңбыр ауылға қарағанда жиірек жауатынын анықтады. Алайда зерттеушілер бұл құбылыстың бір бөлігі спутниктік бақылау ерекшеліктерімен байланысты болуы мүмкін екенін де ескертеді. Зерттеу нәтижелері туралы The Conversation басылымы жазды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Зерттеуді Сиднейдегі Жаңа Оңтүстік Уэльс университетінің Климат өзгерісін зерттеу орталығы жүргізген. Ғалымдар NASA-ның IMERG жүйесінің деректерін пайдаланып, әлемнің түрлі климаттық аймақтарындағы 15 ірі қаланы талдаған. Бұл жүйе жауын-шашын туралы жоғары дәлдіктегі ғаламдық ақпарат береді.

Нәтижесінде қала аумақтарында жаңбырдың ауылдық жерлерге қарағанда жиірек тіркелетіні анықталған. Бірақ жауын көлемі әрдайым көп болмаған негізінен жаңбыр жауатын сағат саны артқан. Кей мегаполистердің орталығында жауын мөлшері маңайдағы аймақтардан да аз болған.

Ғалымдардың айтуынша, мұндай «қалалық әсердің» қалыптасуына спутниктердің микротолқынды бақылау жүйелері ықпал етеді. Олар әлсіз әрі қысқа мерзімді жаңбырларды дәлірек тіркей алады. 2001–2023 жылдары микротолқынды спутниктердің қалалар үстінен өту жиілігі екі есеге жуық артқан. Соның арқасында бұрын байқалмай қалатын ұсақ жауындар да есепке алына бастаған.

Зерттеушілер деректердің шынайылығын тексеру үшін микротолқынды ақпаратты инфрақызыл бақылаулармен және жауын өлшейтін құрылғылар деректерімен салыстырған. Сидней қаласында жүргізілген қосымша тексерулер де мегаполистерде жаңбырдың жиірек жауатынын растаған.

Мамандар мұны бірнеше фактормен түсіндіреді. Қаладағы жоғары температура ауаны жоғары көтереді, ғимараттар мен жолдар жел қозғалысын өзгертеді, ал ауадағы аэрозольдер бұлт тамшыларының құрылымына әсер етеді. Соның нәтижесінде мегаполистерде жауын-шашын жиілігі артады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары