Конституция 1 шілдеден бастап күшіне енеді – Мемлекет басшысы

/
Конституция 1 шілдеден бастап күшіне енеді – Мемлекет басшысы
Ақорда

Бүгін Мемлекеттік рәміздер күніне орай Астанадағы «Атамекен» этномемориалды кешенінде Мемлекеттік ту көтеру рәсімі өтті. Салтанатты жиынға қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, сөз сөйледі, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Жалпыхалықтық референдумда қабылданған Конституция – Қазақстанның алдағы ондаған жылдарға арналған басты заңы. Дәл осы Ата заң халқымызды әлемдік өркениеттің жаңа белестеріне бастайды. Технологиялық жетістіктер, саяси дүрбелеңдер, әскери қақтығыстар белең алып жатқан қазіргі дәуірде Негізгі заңымыздың жол нұсқаушы темірқазық ретіндегі маңызы еселене түседі. Еліміздің бас құжаты – Конституция 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Тамыз айында бір палаталы Құрылтай сайлауы өтеді, ал қыркүйекте Қазақстан Халық Кеңесі құрылады. Осылайша, біз ауқымды өзгерістер кезеңіне аяқ басамыз. Қазірдің өзінде халқымыздың болмысы, құндылықтары, сана-сезімі, тіпті, дүниетанымы өзгеріп жатыр. Азаматтарымыздың басым көпшілігі заңға құрметпен қарау, қоғамдық тәртіпті нығайту стратегиясын қолдайды, сондай-ақ «Таза Қазақстан» акциясына белсене қатысады», - деді Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы халқымыздың ауызбіршілігін нығайту басты мақсат болып қала беретінін атап өтті.  

«Алайда бұл әр жетістікке мәз болып, жайбарақат отыратын заман емес. Біз биік мақсаттарға ұмтылып, тек қана алға – жарқын болашаққа қарай жүруіміз керек. Келешекке зор сеніммен қарап, Қазақстанды шын мәнінде өркениетті мемлекетке айналдыруымыз қажет. Қазір біз бір ел болып жасампаздық жолына түстік: қоғамымызда жаңа идеялар, жаңа тұлғалар, отаншыл азаматтардың жаңа буыны пайда болуда. Мен Мемлекет басшысы ретінде осындай игі үрдісті қолдаймын. Мұны ел ішінде жасалып жатқан реформалардың айқын көрінісі деп санаймын. Халқымыздың ауызбіршілігін нығайту басты мақсатымыз болып қала береді. Бұл – елдің табысты дамуының бірден-бір шарты, тиімді әрі ұзақмерзімді факторы. Реформалардың бастапқы кезеңінде еліміздегі көзі ашық және прогрессивті қоғамдық-саяси күштер жалпыұлттық құндылықтар мен мақсаттар аясында бірігуі қажет деп санаймын. Сонда ғана Әділетті Қазақстанды құру, мемлекеттілігімізді нығайту ісінде табысқа жете аламыз», - деді Президент.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар