Ақтөбе облысы Қандыағаш қаласындағы дәмханадан заңсыз сақталған 75 литрге жуық алкоголь тәркіленді, деп хабарлайды turkystan.kz.
"Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Мұғалжар аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері алкогольдік ішімдіктерді заңсыз сатудың және масаң күйде жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында рейдтік іс-шаралар жүргізді.
Тексеру барысында Қандыағаш қаласындағы дәмханалардың бірінен алкоголь өнімдерін заңсыз сақтау және сату фактісі анықталды. Нәтижесінде мекемеден 75 литрге жуық алкогольдік өнім тәркіленді.
Белгілі болғандай, кәсіпкер алкоголь өнімдерін сатуға қажетті мемлекеттік лицензиясыз кәсіпкерлік қызметпен айналысқан. Сондай-ақ жыл басынан бері аталған ойын-сауық орнына полиция қызметкерлері үш мәрте шақыртумен барған.
Сот шешімімен кәсіпкер Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 200 және 463-баптары бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 281 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.
Полиция қызметкерлері алкоголь өнімдерін лицензиясыз сату заң талаптарын өрескел бұзу болып саналатынын және мұндай әрекеттер үшін заңда жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.
Құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған профилактикалық және рейдтік іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасады.