Қостанайда шаруалар 38 млн теңге субсидияны заңсыз алған

/
Қостанайда шаруалар 38 млн теңге субсидияны заңсыз алған
istockphoto.com

Қостанай облысының Алтынсарин ауданының прокуратурасы жайылымдарды және бюджет қаражатын заңсыз пайдаланудың жолын кесті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ауданның ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында жеткілікті мөлшерде ауыл шаруашылығы малының болмағанына қарамастан жайылым жерлердің пайдаланылғанын, сондай-ақ асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға бөлінген мемлекеттік субсидиялардың негізсіз алынғаны анықталды.

Бір ауыл шаруашылығы кәсіпорны Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 92-бабының және «Жайылымдар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабының талаптарын бұза отырып, 363 гектар жайылымды нысаналы мақсатына сай пайдаланбаған, яғни мал жаю және жем-шөп дайындау үшін жеткілікті мөлшерде малдары болмаған.

Сонымен қатар, бес ауыл шаруашылығы құрылымы мемлекет бюджетінен асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға арналған 38 млн теңгеден астам субсидияны ірі қара малдың аналық басын екі жыл бойы сақтауды қамтамасыз етпей, яғни нәтижеге қол жеткізбей алған.

Прокурорлық қадағалау актілері негізінде анықталған заңбұзушылықтар жойылып, мемлекетке жайылым жерлер қайтарылды, сондай-ақ бұрын берілген субсидиялар толық көлемде өтелді.

Қайтарылған жер учаскелері ауданның арнайы жер қорына енгізіліп, жер заңнамасына сәйкес азаматтарға шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін қайта бөлінетін болады. 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары