Астана қаласында Сарыарқа аудандық полиция басқармасы қызметкерлері 23 жастағы күдіктіні ұстады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Тергеу мәліметінше, ол шетел азаматына Қазақстан азаматтығын алып беруге көмектесемін деп уәде беріп, алдау жолымен ақша иемденген.
Полицияның хабарлауынша, жас жігіт жәбірленушінің сеніміне кіріп, құжат рәсімдеуге көмектесемін деген сылтаумен одан ақша алған. Алайда уәде етілген қызмет көрсетілмеген, ал алынған қаражатты күдікті өз қажеттілігіне жұмсаған деген болжам бар. Соның салдарынан жәбірленушіге 300 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтірілген.
«Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Қазіргі уақытта күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр», – деп мәлімдеді ведомство.
Полиция азаматтарды сақ болуға және алаяқтық әрекеттерден абай болуға шақырады. Құжат рәсімдеу және азаматтық алу мәселелері бойынша тек ресми мемлекеттік органдарға жүгіну қажет екені ескертілді.