FlyArystan ұшағы құстарға соқтығысты

/
FlyArystan ұшағы құстарға соқтығысты
threads.com/@hamster.9343557

Астана – Шымкент бағытындағы рейс бірнеше сағатқа кешігіп, жолаушылар әуежайда ұзақ күтуге мәжбүр болды. Оқиғаға қатысты видео әлеуметтік желіде тарады.

Threads желісінде жариялаған жазбада ұшақтың қозғалтқышына қатысты техникалық ақау анықталғаны айтылған. Автордың сөзінше, бастапқыда кешкі 19:40-та ұшуы тиіс рейс әуелі 20:30-ға, кейін 22:30-ға шегерілген.

“100-ге жуық адам ұшақтың жөнделуін күтіп отыр. Нақты ақпарат берілмеді. Кейбір жолаушылар бұл бортпен ұшудан бас тартып жатыр”, – делінген жазбада.

Ал FlyArystan әуе компаниясы рейстің кешігуіне ұшақтың құстармен соқтығысуы себеп болғанын мәлімдеді.

Компания таратқан ақпаратқа сәйкес, қазіргі уақытта әуе кемесінің зақымдану деңгейі тексеріліп, оны әрі қарай пайдалануға рұқсат беру мәселесі қарастырылып жатыр.

“Жолаушыларға су ұсынылды, сондай-ақ ыстық тамақ беріледі. Жолаушылар мен экипаж қауіпсіздігі – басты басымдық”, – деп хабарлады әуе тасымалдаушысы.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары