Құрбан айтқа санаулы күндер қалды. Осыған орай, еліміздің өңірлерінде құрбандыққа шалынатын мал бағасы нақтыланды. Kazinform тілшісінің хабарлауынша, биыл еліміз бойынша ең арзан және ең қымбат қойдың арасындағы баға айырмашылығы 140 мың теңгеге жеткен, деп хабарлайды turkystan.kz.
Құрбан айт — мейірімділік пен ізгіліктің, өзара жомарттықтың символы. Мереке күндері мұсылмандар құрбандық шалып, мал етін отбасына, жақын туыстарына және әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға үлестіреді.
Биыл мереке қарсаңында Қазақстанның әр қаласындағы мал құны мынадай:
Ең төменгі бастапқы баға (60 000 теңгеден бастап): Ақтөбе, Қарағанды, Орал және Шымкент қалаларында мал бағасы өзге аймақтарға қарағанда әлдеқайда арзан.
Орташа бастапқы құн (70 000 теңгеден жоғары): Алматы, Ақтау, Жезқазған, Талдықорған, Түркістан және Тараз қалаларында баға орташа деңгейде.
Өңірлердің көбіндегі баға (80 000 — 140 000 теңге): Петропавлда қой бағасы 75 000 — 120 000 теңге, Көкшетауда 80 000 — 120 000 теңге, ал Қызылордада 80 000 — 110 000 теңге аралығында құбылып тұр.
Орташадан жоғары баға (90 000 — 140 000 теңге): Семей мен Қонаев қалаларында баға сәйкесінше 90 000 — 140 000 және 90 000 — 120 000 теңге төңірегінде саудалануда.
Астанада да баға жоғары болып тұр — 90 000 — 170 000 теңге. Еліміздің батысы мен оңтүстік өңірлерінде де баға шарықтаған. Атырауда қой бағасы 120 000 теңгеден басталып, 150 000 теңгеге дейін көтерілген. Ал Павлодарда 180 мың теңгеге, Жезқазғанда 160 мың теңгеге дейін жетті.
Еліміз бойынша қой бағасы Түркістанда қымбат. Мұнда баға 70 000 теңгеден басталып, 200 000 теңгеге жеткен.
Бағаның өсуіне не әсер етті?
Сатушылар мен сала мамандары құрбандыққа шалынатын малдың құнына тікелей әсер ететін бірнеше негізгі себепті атап өтті:
малдың жасы мен тұқымы — қойдың ірілігі, тұқымы және қай өңірде бағылып-күтілгені басты рөл атқарады.
нарықтағы жоғары сұраныс — мереке жақындаған сайын сатып алушылардың қатары күрт көбейеді.
логистика және инфрақұрылым — тұтынушыға жеткізу шығындары, базардағы мал басының саны және арнайы құрбандық шалатын орындардың дайындығы.
Сарапшылардың болжамына сүйенсек, айт күндері нарықтағы сұраныс пен логистикалық жағдайларға байланысты баға әлі де өзгеруі мүмкін.