Алматылық «Қайрат» футбол клубының бұрынғы шабуылшысы Сергей Рожков 84 жасында өмірден өтті. Бұл туралы клубтың баспасөз қызметі мәлімдеді.
Сергей Егорович «Қайрат» сапында 1966–1967, 1970–1973 және 1975–1976 жылдары өнер көрсеткен. Осы уақыт аралығында ол алматылық клуб құрамында 203 матч өткізіп, 25 гол соққан. Сонымен қатар команда капитаны болып, өз дәуірінің үздік футболшыларының бірі атанған.
1971 жылы Сергей Рожков «Қайратпен» бірге Халықаралық теміржолшылар спорт одағы кубогын жеңіп алды. Сондай-ақ ол — КСРО спорт шебері, 1969 жылғы КСРО чемпионы және КСРО кубогының екі дүркін иегері. Бұдан бөлек, КСРО құрамасы сапында бір матч өткізген.
«Қайрат» футбол клубы марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.