Ғалымдар адамның қолжазбасы ми саулығы туралы маңызды ақпарат бере алатынын анықтады. Зерттеушілердің айтуынша, жазу мәнері когнитивтік бұзылыстарды ерте кезеңде анықтаудың қолжетімді әрі арзан тәсіліне айналуы мүмкін, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қолжазба тек моторика емес, сонымен қатар күрделі ми қызметінің нәтижесі. Жазу кезінде адам ақпаратты қабылдайды, өңдейді, ұйымдастырады және оны қозғалысқа айналдырады. Сондықтан ми қызметі әлсіреген кезде адамның жазуы да өзгере бастайды: ол баяулап, үзік-үзік әрі үйлесімсіз болуы мүмкін.
Португалиялық ғалымдар 62-92 жас аралығындағы 58 қарт адамның қолжазбасын зерттеген. Оның 38-інде когнитивтік бұзылыстар алдын ала анықталған. Қатысушылар арнайы цифрлық құрылғыда түрлі тапсырмалар орындады: сызықтар сызды, нүктелер қойды, сөйлемдерді көшіріп жазды және диктант жазды.
Қарапайым тапсырмалар айтарлықтай айырмашылық көрсетпеген. Ал диктант кезінде когнитивтік бұзылыстары бар адамдардың жазуында анық ерекшеліктер байқалған. Олар жазуды кеш бастап, көбірек штрих қолданған, әріптердің көлемі өзгеріп, жазу уақыты ұзара түскен.
Ғалымдардың түсіндіруінше, диктант жазу миға әлдеқайда ауыр жүктеме түсіреді. Себебі адам бір уақытта тыңдап, сөзді өңдеп, дыбысты мәтінге айналдырып және қол қозғалысын басқаруы керек. Егер жұмыс жадысы мен когнитивтік функциялар әлсіресе, бұл процесс қиындай түседі.
Зерттеушілер болашақта осындай цифрлық жазу тапсырмалары дәрігерлерге когнитивтік бұзылыстарды ерте анықтауға көмектесуі мүмкін деп есептейді. Әзірге әдіс қосымша зерттеуді қажет етеді, бірақ ғалымдар оны қымбат құрылғыларсыз-ақ медицинаға енгізуге болатын қарапайым құралға айналдыруды жоспарлап отыр.