21 мамыр күні Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті ҚР Ұлттық музейіне бірегей тарихи құндылық – Алтын Орда дәуіріне жататын салтанатты әйел халатын ресми түрде тапсырды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, бұл сирек кездесетін артефакт Болған ана кесенесін қазу жұмыстары барысында табылған. Аталған кесене нысанын қазақстандық археолог Айбар Қасенали зерттеген. Табылған құнды жәдігер 2019 жылы университет қорына қабылданған болатын.
Бірнеше жыл бойы Археологиялық зерттеулер институтының «UMAI» мәдени мұраны консервациялау және реставрациялау халықаралық зертханасының мамандары бірегей тоқыма бұйымды жан-жақты зерттеу, консервациялау және ұзақ мерзімді сақтау бағытында кешенді ғылыми жұмыстар жүргізді. Бұл жәдігер Жошы Ұлысы элитасына тиесілі мәдени қабатпен байланысты аса құнды тарихи дерек ретінде қарастырылады.
