Бестөбе кенішіне заңсыз кірген екі адам қаза тапты

/
Бестөбе кенішіне заңсыз кірген екі адам қаза тапты
istockphoto.com

Ақмола облысындағы Бестөбе кенішінің шахтасында екі заңсыз кен іздеуші қаза тапты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қайғылы оқиға 19 мамыр, сейсенбі күні Бестөбе кентіндегі «Қазақалтын» кенішінің «Центральная» шахтасында болған. «Махаббат» атты кен желісінің 610-горизонтындағы блокта екі заңсыз кен іздеушіні тау жынысы басып қалған.

Оқиға орнына тау-кен құтқарушыларының бригадасы түскен. Алдын ала мәлімет бойынша, опырылу ұзындығы шамамен 1,5 шақырым болатын шахтаның жұмыс істемейтін бөлігінде болған.

Ер адамдардың денелері жер бетіне тіршілік белгілерінсіз шығарылды. Қаза тапқандардың жеке басы анықталған. Олардың біреуі маусым айында 22 жасқа толуы тиіс болған, екіншісі одан үлкен. Екеуі де Солтүстік Қазақстан облысының тумалары болған.

Ақмола облысының полиция департаменті баспасөз қызметі оқиға фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

«Қазіргі уақытта қажетті тергеу шаралары жүргізілуде. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр», – деп хабарлады полиция.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары