Нидерландтың Неймеген қаласында университеттік медициналық орталықтың 12 қызметкері хантавирус жұқтырған науқаспен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік хаттамасының бұзылуына байланысты карантинге жіберілді, деп turkystan.kz тілшісі Reuters агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Медициналық орталық басшылығы инфекция жұқтырған науқастың қан және зәр талдамаларымен жұмыс істеу кезінде күшейтілген қауіпсіздік шаралары толық сақталмағандықтан, 12 медицина қызметкерін алдын алу мақсатында 42 күндік карантинге орналастырған.
Аурухана өкілдерінің айтуынша, жұқтыру қаупі өте төмен. Сонымен қатар медициналық мекеме басқа науқастарға көмек көрсету жұмысын үздіксіз жалғастырып жатыр.
Хантавирус жұқтырған науқас бұған дейін инфекция ошағы тіркелген MV Hondius круиз лайнерінің жолаушысы болған. Ол 7 мамыр күні Неймеген университеттік медициналық орталығына жеткізілген.