Ғалымдар уақыт кері жүретін аймақ болуы мүмкін екенін анықтады

/
Ғалымдар уақыт кері жүретін аймақ болуы мүмкін екенін анықтады
cурет: istockphoto.com

Оңтүстік Африка астрофизиктері уақыт табиғаты туралы түсінікті түбегейлі өзгертуі мүмкін математикалық модель ұсынды. Зерттеу авторларының есептеуінше, аса тығыз нейтрон жұлдыздарының ішінде «уақыт жебесі» кері бағытта қозғалуы ықтимал. Бұл туралы зерттеу European Physical Journal журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Күнделікті өмірде уақыттың тек алға қарай қозғалатынын білеміз: сынған кесе өздігінен қайта қалпына келмейді, ал төгілген сүт қайта ыдысына құйылмайды. Ғалымдар мұны «уақыт жебесі» деп атайды. Оның бағыты энтропиямен, яғни жүйедегі ретсіздік деңгейімен анықталады. Термодинамиканың екінші заңы бойынша, энтропия үнемі артып отырады.

Алайда зерттеушілердің пікірінше, нейтрон жұлдыздарының ішінде бұл заң басқаша жұмыс істеуі мүмкін. Дурбан технологиялық университетінің ғалымдары математикалық модель арқылы мұндай жұлдыздардың ішкі құрылымын зерттеп, онда энтропияның төмендейтінін анықтаған. Ал энтропияның азаюы уақыттың кері ағуымен байланыстырылады.

Ғалымдардың айтуынша, мұнда екі түрлі процесс қатар жүреді. Біріншісі – бізге таныс хаос, яғни заттардың ыдырап, жан-жаққа таралуы. Мысалы, жұлдыз жарылған кезде оның заттары ғарышқа шашырайды, бұл энтропияны арттырады.

Екіншісі – гравитациялық тәртіп. Аса үлкен масса өз тартылысының әсерінен сығылғанда, керісінше, заттар бір нүктеге жиналып, реттеледі. Осы кезде математикалық тұрғыдан энтропия азаяды.

Нейтрон жұлдыздары дәл осындай құбылысқа ең қолайлы нысан саналады. Диаметрі шамамен 30 шақырым ғана болатын бұл жұлдыздардың массасы Күннен де ауыр. Ондағы тартылыс күші соншалық, нейтрон жұлдызы затының бір шай қасығы Жерде Эверест тауының салмағымен тең болар еді.

Жұлдыз «өлген» кезде оның ядросы одан әрі сығылады. Гравитация барлық затты бір орталыққа тартып, ештеңенің сыртқа таралуына мүмкіндік бермейді. Нәтижесінде материя аса жоғары деңгейде реттелген күйге өтеді.

Зерттеу авторлары дәл осы процесті есептеп, энтропияның төмендеуін байқаған. Теориялық тұрғыдан бұл уақыттың кері қозғалуымен пара-пар.

Әзірге бұл тек математикалық модель екені айтылды. Ғалымдар адамның нейтрон жұлдызына түссе, жасы кері кетеді деген пікірден аулақ болуға шақырады. Дегенмен зерттеу Ғалам эволюциясының құпияларын түсіндіруге көмектесуі мүмкін.

Зерттеушілердің болжамынша, Үлкен жарылыстан кейінгі хаостың өзінен Ғаламның қалай дамып кеткенін түсіндіруде осындай «уақыт қалталары» маңызды рөл атқаруы ықтимал. Яғни Ғаламның бір бөлігінде уақыт алға жылжыса, басқа бір нүктелерінде кері бағытта қозғалған болуы мүмкін.

Ғалымдар бұл теорияны болашақта қосымша бақылаулар мен жаңа есептеулер арқылы тексеруді жоспарлап отыр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары