«Казцинктегі» жарылыстан зардап шеккендердің бірі Астанаға емделуге жеткізіледі. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Tengrinews.kz мәліметінше, оқиғадан кейін Өскеменге Астанада орналасқан Шұғыл медицинаның ғылыми-үйлестіру орталығының (ШМҒҮО) екі жетекші маманы келді: шұғыл медицина департаментінің басшысы, бас республикалық реаниматолог Бақыт Жарқымбеков және комбустиология департаментінің басшысы, бас республикалық комбустиолог Жомарт Жалғаспаев.
«Мамандар зардап шеккендерді тексеру үшін медициналық мекемеге жеткізілді. Тексеру нәтижелері бойынша шұғыл консилиумдар өткізіліп, олардың барысында диагноздар нақтыланып, әрі қарай емдеу тактикасы келісілді», – деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасы.
Кең көлемді күйік алған науқас жағдайының аса ауыр болуына байланысты кемінде 72 сағат бойы күйік шогынан шығару үшін қарқынды терапия кешенінен өтеді. Жағдайы тұрақтанғаннан кейін оны Астанадағы Шұғыл медицинаның ғылыми-үйлестіру орталығына тасымалдау мәселесі қарастырылады.
«Омыртқа жарақатын алған екінші зардап шегуші арнайы операция жасау үшін санитарлық авиация арқылы ШМҒҮО-ның нейрохирургия бөліміне жеткізілуге дайындалуда. Тасымалдау 7 мамырға жоспарланған», – деп толықтырды басқарма.
Күйік алған науқасты тасымалдау мәселесін қайта қарау шамамен 9 мамырға, республикалық мамандардың қайта келуі аясында жоспарланған.
Жалпы, Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған медициналық орталығына 5 зардап шегуші жеткізілді. Олардың екеуі ауруханаға жатқызылды: біреуі травматология бөліміне, екіншісі жансақтау бөліміне. Қалғандарына қажетті медициналық көмек көрсетіліп, ауруханаға жатқызу қажет болмағандықтан амбулаториялық бақылауға жіберілді.