Дәрігерлер Өскемендегі «Казцинк» ЖШС қорғасын зауыты аумағындағы жарылыстан зардап шеккендердің жағдайы туралы мәлімет берді, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Сағат 8:30-да жедел жәрдем қызметкерлерінен бізге бірнеше зардап шеккен адам жеткізілетіні туралы хабар түсті. Біз бірден бригада жасақтадық, ал 8:45-тен бастап науқастар келе бастады. Барлығы бес адам: төрт ер адам және бір әйел», – деді облыстық мамандандырылған медициналық орталықтың бас дәрігерінің міндетін атқарушы Мұрат Нұрбикенов.
Үш зардап шегушіге соғылу диагнозы қойылып, олар үйіне жіберілді. Қалған екеуі ауруханаға жатқызылды.
«1980 жылы туған ер адам жансақтау бөлімінде өте ауыр жағдайда жатыр. Оның денесінің 90 пайыздан астамын күйік шалған, соның ішінде тыныс алу жолдары мен көздің қасаң қабығы да күйген. Тағы бір 1974 жылы туған ер адамда омыртқаның бел бөлімінің компрессиялық сынуы анықталды», – деп қосты Нұрбикенов.