Газдандыру ісіне сенім артты

/
Газдандыру ісіне сенім артты

Елорда жұрты мен оған іргелес елді мекен тұрғындары газ инфрақұрылымының жаңарып-жаңғырып келе жатқанына ерекше қуанышты. Жақында қаланың 8 бірдей елді мекенінде газ құбыры жүргізіліп, жылыту маусымы штаттық режимде ойдағыдай өтті. Қаладағы жылу-электр стансалары да газ қуатымен жылытуға көшіп, аймақтың экологиялық жағдайы тұрақтанып келеді. Біз QazaqGazAimaq АҚ пресс-туры аясында сала жұмысымен етене танысып қайттық.

Алдымен қала іргесіндегі «Тельман» тұр­­ғын алабына жеттік. Газ саласы маман­дары­ның экологиялық қауіпсіз қаланы қалыптастыру жолында іске асырған маңыз­ды жобасының бірі – «Тельман» тұр­ғын алабына көгілдір отынның жетуі. Был­тыр қазан айында аталмыш аймақта газ құ­бырының құрылысы толықтай аяқтал­ған еді. Жоба Астана қаласының Энергетика бас­қармасының қолдауы мен QazaqGaz Aimaq АҚ Астана өндірістік филиалының инвестициялық бағдарламасы аясында іске асты. Мәселен, Энергетика басқармасы тұр­ғын алабына дейінгі 6,8 км газ құ­бы­ры­ның құрылысын жүргізсе, QazaqGaz Aimaq тұрғын алаптағы 15 шақырымға жуық газ құбырын салуға атсалысқан. Жаңа тұрғын алабына көгілдір отын қосылғалы қаланың ауа сапасы да жақсарған. Қазір қаланың са­қи­налы айналмалы жолынан бастап Шер­хан Мұртаза атындағы көше мен Ұлы Да­ла даңғылының қиылысына дейінгі ара­лық газ реттегіш қондырғыларға қосылған. Тұрғын алабында 309 үй бар болса, оның 158-і сәуір айына дейін газға қосылып үл­гер­­ген. QazaqGaz Aimaq, Астана өндірістік фи­лиалының директоры Ержан Болат­бек­ұлы мұның жақсы көрсеткіш екенін жа­сыр­мады.


– Тұрғындар, әдетте, қыс қамын жазда ой­лайды, халық қыс уақытында газға қо­сыл­мауы мүмкін. Тәжірибемізге сүйенсек, ел­ді мекенге газ алғаш келгенде, тұрғын­дар­дың тек 20-30 пайызы ғана белсенділік та­нытады. Астана халқы жылдам әрекет етті, газға қосылу қарқынды жүріп жатыр, со­ның нәтижесінде жұрт та газдың қы­зығын көре бастады. Жұмыстарымыз тоқ­тамайды, келесі қысқа дейін 100 пайыз ме­жеге жетеміз деп ойлаймын. «Тельман» тұр­ғын алабында газ қысымын реттегіш қон­дырғының екеуі бар, бір қондырғының 300 үйге газ қысымын дайындап беруге қау­қары бар, – дейді филиал басшысы. 

Дрондар қауіпсіздікті күшейтті

Ержан Болатбекұлының айтуынша, газ реттегіш қондырғылардың заманауи та­лап­тарға сай артықшылығы мол. Мә­селен, «Тельман» тұрғын алабындағы екі шкафтық газ реттегіш пункт апаттық жағдайда бір-бірін алмастыра алады, екі жақтан да газ қы­сымын беруге дайын. QazaqGaz Aimaq ма­мандары газ құбырларын күтіп ұстау жә­не қауіпсіздік мәселесіне де жіті көңіл бө­ліп отыр. Шкафтық газ реттегіш пункттің бірі­не барғанымызда, арнайы апаттық құт­қару қызметінің көлігін байқадық, арнайы ма­мандар қондырғылардың жұмысын күні-түні қадағалап отырады. Ал заманауи құрал­дар мамандардың ісін әлдеқайда жеңіл етіп, жұмыс сапасын арттырған. Ерек­ше құралдың бірі – ұшқышсыз ұшу ап­параты. 
– BL-CH4 пилотсыз ұшу аппараты – газ­дың ауаға тарауын қашықтан анықтауға арналған әуе жүйесі. Аппарат қарапайым дрон­дар секілді ұшу, суретке түсіру т.б. жұмысты орындай алады, бізді қызықтыр­ғаны – сарғыш лазер детекторы. Лазер детек­тор қондырғыдан 150 м қашықтықта газ қысымының жоғалуы байқалса, табиғи газ ауаға таралатын болса, бірден анықтай­ды. Құрылғы шектеулі кіру учаскелерін қоса алғанда, жер асты және жер үсті газ құ­быр­ларындағы газ ағып кетуін жедел анық­тауға мүмкіндік береді, тексеру уақы­тын азайтады. Визуал тұрғыдан адам көзі мик­рожарықшақтарды көруге бейім­делме­ген, бірақ осы құрылғының көмегімен ақау­ды дер кезінде реттеп, апаттың алдын алу­ға болады, – дейді Ержан Болатбекұлы.


Астана мен Ақмола облысының қысы қа­тал әрі ұзақ өтеді, қыстың шамамен жеті ай бо­ларын ескерсек, ұшқышсыз ұшу ап­пара­ты, расында да, талай шаруаны жеңілдетті. Әсіресе құрылғы көктемгі су тасқыны ке­зін­де, мамандар көлікпен немесе жаяу жете алмаған жағдайда дрондарды пайдалана ала­тын мүмкіндік туды. Одан бөлек, күн­делік­ті тексеруші көліктер де жан-жақты жаб­дықталып, бабында тұр. Қауіпсіздік ере­жесін сақтау, қондырғыларды ұдайы ба­қылау-баптау нәтижесінде, қала мен оған ірге­лес елді мекендерде жылыту маусымы ақау­сыз, сәтті өтті. 
– Былтыр алғашқы жылыту маусымын штат­тық режимде өткіздік. Апаттық жағ­дай­лар қарамағымызға жатпайтын жеке­лен­ген үй-жайларда ғана болды. Алғашқы қыс болғандықтан, кейде пеш өшіп қалады, кейде температурасын дұрыс қоймайды, тағы басқа сұрақтармен хабарласқан тұр­ғын­дар болды. Жеке-жеке кеңес беріп, ке­лі­сімшарт бойынша газ құбырларын дә­не­керлеу және қызмет көрсету компаниясын шақырту, ары қарай түсіндіру жұмыстарын өткізуге нұсқау береміз, – дейді Е.Болат­бек­ұлы.

Газ келіп, жаз келді

Былтыр «Шұбар» тұрғын алабының тұр­ғындарына да көгілдір отын жетті. Алап 890 үйді қамтыса, сәуір айы­на дейін тұрғындардың 50 пайызы табиғи газ­ға қосылып үлгерген.  2020 жылдан бас­тап Астана қаласы мен оған іргелес елді ме­­кендерде газ құбырын жүргізу жұмысы ке­зең-кезеңімен іске асып жатыр. Бүгінде Ас­­танада «Көктал-1», «Көктал-2», «Агро­го­ро­­док», «Интернациональный», «Мичу­ри­но», «Күйгенжар», «Теміржол», «Өнеркәсіп», «Оң­түстік-Шығыс», Потанин көшесі маңы, «Үр­кер» (ішінара), Family Village, «Те­ль­ман», «Кірпішті» және «Шұбар» тұрғын алап­тары табиғи газға қосылып үлгерді. QazaqGaz Aimaq былтыр 8 бірдей елді ме­кенге газ құ­бырын толықтай жеткізді, бұл – кейінгі бес жылдықтағы ірі жетістіктердің бірі, ауыл-аймақ халқы үшін зор қуаныш. 
Біз бұдан ары қарай Астана маңайында орналасқан Қараөткел ауылындағы жағ­дай­мен де таныс болдық. Ауыл халқы 2026 жылдың желтоқсан айында газға қол жет­кізуге тиіс еді, қуанышымызға орай, жүйелі жұмыстардың арқасында құбыр құрылысы мерзімінен бір жыл ерте аяқталды. Тұрғын­дар ауылға көгілдір отынның ерте жетке­ніне дән риза.
– Петропавл қаласынан 8 жыл бұрын көшіп келгенбіз, осы ауылдан үй салдық. Қараөт­келге газ келеді дегенде, қуанышым қой­ныма сыймады. Газды ерте қосады деп ойла­мадық, әлі бір жыл бар екен деп, алдын ала көмір алып қойғанбыз. Қазір бұл кө­мірді не істерімді білмей отырмын, – дейді ауыл тұрғыны Айдос Қайырұлы.
Тұрғындар енді көмір тасып, қысты ар­палыспен өткізбейтініне қуанады. Бір сөз­бен айтқанда, ауылға газ келіп, халық көңі­ліне жаз орнағандай. 
– Қыс кезінде көмірге қаражат мол кетеді. Көмірді аламыз, оны тасып кіргізе­міз, күлін шығарамыз, үйдің ішін шаң ба­са­ды. Бәрі – машақаты мол жұ­мыс, қанша уақытыңды алады. Қазір газ қол­жетімді, тамақты да газға пісіре аламыз. Үйдің іші жылы, немерелерім жерде емін-еркін ойнап жүр, – дейді А.Қайырұлы. 
Оның есептеуінше, қыстан аман шығу үшін бір үйге кемінде 10 тонна көмір қа­жет, оған кемі 250 мың теңге қаржы кетеді. Бүгінде тұрғындар QazaqGaz Aimaq қосым­шасы арқылы бөлме температурасын да оңай бақылап отырамыз дейді. 
Биыл Қараөткелден бөлек, Нұрлы, Шұбар, Аққайың, Талапкер, Қоянды сынды ауылдар мен тұрғын алаптарында да ірі жобалар іске асты. Бұл тұрғындардың экологиялық таза отын түріне көшуіне мүм­кіндік беріп, баламалы жылу көзіне түсетін жүктемені азайтты. Қазір Қосшы қаласында да газдандыру кезең-кезеңімен жүріп жатыр. Уақытша бірінші іске қосу кешені пайдалануға беріліп, 7 800 абонент табиғи газға қол жеткізіп үлгерді. Қазір осы жүйені одан әрі кеңейту, дамыту ісі жоспар­да тұр, егер жоба тұрақты жалғасса, 10 мыңнан аста тұтынушыны газбен қамтуға болады. Сонымен қатар компанияның биыл­ғы жоспарына сәйкес, «Өндіріс», «Каз­городок» тұрғын алаптары, Garden Villagе қалашығы, Қызылсуат, Қаражар, Тайтөбе ауылдарына да газ құбыры тартылады. Қа­зір қаланы газдандыру жұмысы 80 пайызға жетті.

Экологиялық тұрғыдан тиімді шешім

Бұл сапарымызда қалада жаңадан бой көтерген «Тұран» газ жылу стан­са­сына да бас сұқтық. Нысан қаланың сол жа­ға­лауын­да дамып келе жатқан Нұра ау­да­нын жылуы­мен қамтамасыз етіп отыр. Стан­са 10 су қыздыру қазандығымен жаб­дық­талған, газ тұтыну көлемі сағатына 80 мың текше метрге дейін жетеді. 
– Станса 2023 жылдың соңында салын­ды. Қазір 6 қазандық жұмыс істеп тұр, тағы төртеуі жақында іске қосылады. Жалпы, жылу қуаты сағатына 600 гигакалорияға же­теді. Бұл станса Нұра және Есіл ауда­нының бір бөлігін жылумен қамтамасыз етеді, – деді станса басшысы Талғат Чубаев.
Бастысы, станса қаланың перспектива­лық аудандарын көмірсіз, басқа да зиянды қал­дықсыз жылумен қамтып, толығымен та­­биғи газбен жұмыс істеп тұр. Бұл – эко­ло­­­гиялық тұрғыдан ең тиімді шешім.  Qazaq­Gaz Aimaq мәліметінше, қазір Астана өндірістік филиалының теңгерімінде жал­пы ұзындығы 2 278 шақырым газ тарату желісі бар. Оның 807 шақырымы – елорда аумағында, ал 1 471 шақырымы – Ақмола об­лы­сында орналасқан. 54 газ реттеу пунк­ті, 263 шкафтық газ реттеу пункті және 
1 160 жеке шкафтық пункт жұмыс істеп тұр. 2025 жылғы дерекке сүйенсек, 13 мың тұр­ғын көгілдір отынға қосылса, биыл жүйе­ге қосылған абонент саны 21 844-ке жетіп отыр. Елорда жұртының көңілі ты­ныш, себебі экологиялық жүктеме айтар­лық­тай төмендеді, ауыл халқының да газ­дан­дыру жұмысына сенімі артып келеді. Алда газдандыру жұмысы сәтті жалғаса бер­мек. 
 

Айсұлу СЪЕЗХАН

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары