Роликтің тарихы: қауіпті тәжірибеден жаһандық трендке дейін

/
Роликтің тарихы: қауіпті тәжірибеден жаһандық трендке дейін
сурет: istockphoto.com

Роликті конькилердің тарихы түрлі аңыздарға толы. Кей деректерде Леонардо да Винчи мұндай құрылғының эскизін жасағаны айтылады, бірақ нақты дәлел жоқ. Ал алғашқы құжатталған оқиға 1760 жылы Лондон қаласында болған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бельгиялық механик әрі музыкант Джозеф Мерлин бір қатарға орналасқан металл дөңгелекті коньки жасап, балда скрипкамен өнер көрсетпек болады. Алайда құрылғыда тежеу де, бұрылу да болмаған. Соның салдарынан ол айнаға соғылып, ауыр жарақат алады. Осы оқиғадан кейін роликтер ұзақ уақыт бойы қауіпті ойыншық ретінде қабылданды.

Нағыз серпіліс 1863 жылы болды. Америкалық Джеймс Плимптон төрт дөңгелекті «квад» роликтерді ойлап тапты. Оның басты жаңалығы басқару механизмі еді. Арнайы резеңке жастықшалар арқылы роликтер дене қозғалысына жауап беріп, оңай бұрылатын болды. Бұл ролик тебуді қауіпсіз әрі ыңғайлы етті.

Көп ұзамай роликтер тек ойын-сауық емес, мәдени құбылысқа айналды. Әлемде роллердромдар ашылып, адамдар музыка ырғағымен билей бастады. XIX ғасырдың соңына қарай оларды курьерлер мен пошташылар да қолдана бастады.

Уақыт өте келе бір қатарлы (инлайн) роликтер дамыды. Бастапқыда оларды спортшылар жаттығу үшін пайдаланған. Бірақ 1979 жылы америкалық ағайындылар Скотт Олсон және Бреннан Олсон бұл идеяны жетілдіріп, жаңа деңгейге шығарды. Олар жеңіл материалдар қолданылып, ыңғайлы конструкция жасалған роликтерді шығарып, кейін Rollerblade брендін құрды.

Тағы бір маңызды жаңалықты 1972 жылы инженер Фрэнк Насворти жасады, ол полиуретан дөңгелектерді енгізді. Бұл роликтердің жүруін жұмсартып, жылдам әрі қауіпсіз етті.

Осы технологиялардың арқасында 1980-1990 жылдары роликтер қайтадан танымал болып, бүкіл әлемде жаңа серпін алды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары