Қоғамдық келісімге сүйенген жүйелі жаңғыру қазіргі Қазақстанның басты ерекшелігіне айналып келеді – Ерлан Қарин

/
Қоғамдық келісімге сүйенген жүйелі жаңғыру қазіргі Қазақстанның басты ерекшелігіне айналып келеді – Ерлан Қарин

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин еліміздегі реформалар тоқтаусыз әрі мақсатты түрде жүргізіліп келе жатқанын әрі оның нақты әрі салмақты сабақтастыққа негізделгенін айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Бүгін Мемлекет басшысы бірқатар конституциялық заңға қол қойды:

 - Қазақстан Республикасының Президенті туралы;

 - Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы;

 - Қазақстан Халық Кеңесі туралы;

 - Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы;

 - Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы.

Референдумда қабылданған жаңа Ата Заң Конституциялық реформаның бірінші кезеңінде жүзеге асырылса, заңдардың және басқа да құқықтық актілер топтамасының бекітілуімен реформаның екінші кезеңі түйінделеді. Ал 1 шілдеден реформаның үшінші кезеңі басталады. Бұл мемлекеттік-саяси моделді жаңғыртуға бағытталған. Алдымен Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді, одан кейін Қазақстан Халық Кеңесі құрылады, оның ізін ала биліктің өзге де негізгі институттары жаңарады. Реформалардың жалпы қисыны кезең-кезеңімен жүзеге асырылуында: алдымен тұжырымдама, содан соң құқықтық база, одан кейін мемлекеттің саяси моделінің жаңаруы. Өзгерістердің қарқынына да ерекше назар аударған жөн. Реформалар тоқтаусыз әрі мақсатты түрде жүргізілуде, сондай-ақ нақты әрі салмақты сабақтастыққа негізделген. Мұның барлығы Мемлекет басшысының саяси стиліне тән дүниелер. Осылайша, кең ауқымдағы қоғамдық келісімге сүйенген жүйелі әрі дәйекті жаңғыру қазіргі Қазақстанның басты ерекшелігіне айналып келеді», - дейді Мемлекеттік кеңесші.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары