Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданының прокуратурасы аудандық әкімдікке қарасты «Молодежный» КМК және «Коммунальник» КМК жасасқан жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау және су бұру қызметтерін көрсету туралы шарттардың «Табиғи монополиялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес келмейтінін анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Типтік келісімдерде міндетті шарттар көрсетілмеген, монополистердің халық алдындағы жауапкершілігі толық көлемде айқындалмаған, ал коммуналдық қызметтер үшін төлемді қайта есептеу тетіктері формалды сипатта болған.
Аталған заң бұзушылықтар жалпы алғанда ауданның 7 мыңнан астам тұрғыны мен 231 кәсіпкерлік субъектісінің заңды мүдделеріне нұқсан келтірді.
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша тұтынушылардың құқықтары толық көлемде қалпына келтіріліп, шарт талаптары қолданыстағы заңнамаға сәйкес келтірілді.
Жол берілген құқық бұзушылықтар үшін «Молодежный» КМК және «Коммунальник» КМК-ға қатысты әкімшілік іс қозғалып, мемлекет пайдасына жалпы соммасы 2 млн теңгеден астам айыппұл салынды.