Қытайдың Ордос қаласында өткен дзюдодан Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Қазақстан құрамасы доданың соңғы күнінде командалық жарыста үздіктер қатарынан көрінді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Турнирдің қорытынды бағдарламасында дзюдошылар аралас командалық сында бақ сынады. Шешуші кезеңге дейін сүрінбей жеткен Қазақстан құрамасы финалда Моңғолия командасымен кездесті.
Тартысты өткен белдесу 4:0 есебімен қарсыластардың пайдасына шешілді.
Финалдық кезеңге шыққан спортшылар: Дана Әбдірова (57 келіге дейін); Әнуар Жұмагелдин (73 келіге дейін); Аида Тойшыбекова (70 келіден жоғары); Ғалымжан Қырықбай (90 келіден жоғары).
Нәтижесінде ұлттық құрама құрлықтық доданың күміс жүлдесін еншіледі.
Жалпы есепте Қазақстан құрамасы бұл чемпионатты алты медальмен аяқтады. Бұған дейін жекелей сында спортшыларымыз келесідей нәтиже көрсеткен болатын:
«Алтын»: Әділет Алмат (81 келіге дейін);
«Қола»: Эсмигүл Құйылова (63 келіге дейін); Абылайхан Жұбаназар (81 келіге дейін); Айдар Арапов (90 келіге дейін); Аруна Жангелді (78 келіге дейін).