Елордадағы үш көше қиылысы 21 сәуірге дейін ішінара жабылады, деп хабарлайды turkystan.kz әкімдікке сілтеме жасап.
Астанадағы Республика даңғылы мен А. Иманов көшесі, Республика даңғылы мен Кенесары көшесі және Республика даңғылы мен Абай даңғылы қиылыстарында орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы қала тұрғындары мен қонақтарына осыған байланысты 19-21 сәуір аралығында аталған учаскелерде қозғалыс ішінара жабылатынын хабарлады.
"Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерден маршруттарды алдын ала жоспарлауды және қозғалысты ұйымдастырудағы өзгерістерді ескеруді сұраймыз. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қолайсыздықты азайту үшін уақытша жол белгілері мен көрсеткіштер орнатылады. Осы өзгерістерге түсіністікпен қарауды және қала бойынша қозғалыстарды жоспарлау кезінде оларды алдын ала ескеруді сұраймыз", - делінген хабарламада.