Алаяқтардың басым бөлігі WhatsApp арқылы қоңырау шалады – Бас прокуратура

/
Алаяқтардың басым бөлігі WhatsApp арқылы қоңырау шалады – Бас прокуратура
istockphoto

Қазақстанның Бас прокуратурасы кибералаяқтықпен күрес қалай жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Бас прокуратурадағы үйлестіру кеңесінің отырысында айтылғандай, алаяқтық әрекеттердің едәуір бөлігі мессенджерлер, ең алдымен WhatsApp арқылы жасалады.

Қылмыстық қауіптер мен қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдерін болжау орталығы 18 жаңа киберқауіпті анықтады, олардың ішінде:

шетелде орналасқан қылмыскерлердің SMS-бластерлерді (байланыс операторларын айналып өтіп жаппай хабарлама жіберуге арналған құрылғылар) пайдалануы;

фишингтік таралымдар мен дипфейк технологиялары;

нөмірлерді алмастыру және тіркелмеген SIM-карталарды қолдану схемалары бар.

"2026 жылғы 4 сәуірде елде алғаш рет SMS-бластерді пайдалану фактісі әшкереленді, бұл құқық қорғау органдарының киберқылмыстың жаңа түрлерін жедел анықтап, жолын кесуге қабілетті екенін көрсетеді", - деп жазылған хабарламада.

Отырыс соңында бас прокурор Берік Асылов халыққа киберқылмыскерлердің жаңа тәсілдері мен айлаларын түсіндіру жұмыстарын күшейту керек екенін айтты.

Сондай-ақ ол қаржы ұйымдары, байланыс операторлары және онлайн-платформалар заңмен жүктелген міндеттерін орындап, клиенттер мен пайдаланушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін киберқауіптердің алдын алуға бағытталған цифрлық және ұйымдастырушылық шараларды уақытында қабылдауға тиіс екенін, ал бұл талаптар орындалмаса, олардың жауапкершілігін күшейту қажет екенін атап өтті.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары