Арыста досын жазадан құтқару үшін сотта жалған айғақ берген азамат жауапкершілікке тартылды

/
Арыста досын жазадан құтқару үшін сотта жалған айғақ берген азамат жауапкершілікке тартылды
istockphoto

Түркістан облысы Арыс аудандық сотында куә ретінде көрінеу жалған айғақ берген азаматқа қатысты әкімшілік іс қаралды. Сот отырысында досын ақтап алу мақсатында жалған куәлік берген ер адам жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды turkystan.kz "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.

Сот мәліметінше, 2026 жылдың қаңтарында Р. өзінің танысы Е.-ні жазадан құтқару мақсатында сот отырысында жалған жауап берген. Ол Е.-нің мас күйде көлік басқарғанын жоққа шығарған.

"Алайда, тергеу барысында Е.-нің мас күйде көлік басқарғаны дәлелденді. Нәтижесінде Е. ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Сонымен қатар, ол 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды", - деп хабарлады Түркістан облыстық соты.

Жалған айғақ бергені үшін Р.-ға қатысты аға сот приставы әкімшілік хаттама толтырған. ҚР ӘҚБтК-нің 659-бабы 1-бөлігі бойынша жеке тұлғаға 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салу көзделген.

Сот отырысында Р. кінәсін толық мойындап, жеңіл жаза тағайындауды сұрады.

2026 жылғы 12 қаңтардағы сот қаулысымен Р.-ға 30 275 теңге әкімшілік айыппұл салынды. Қазіргі уақытта айыппұл толық төленген. Қаулы заңды күшіне енді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары