Мәжіліс депутаты Абзал Құспан қоғамда жалған ақпарат тарату мен араздық қоздыру фактілеріне алаңдаушылық білдіріп, жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заң жобасы төңірегінде өрбіген пікірталастарда эмоция мен манипуляцияның басым болып бара жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Депутаттың айтуынша, соңғы уақытта әлеуметтік желілерде әріптестеріне қарсы ашық түрде зорлық-зомбылыққа шақыратын пікірлер көбейген. Мұндай әрекеттерді ол «жай эмоция емес, құқықтық баға беруді қажет ететін заң бұзу» деп атады. Оның сөзінше, бұл жағдай тек депутаттар мен азаматтар арасында емес, заң жобасын қолдаушылар мен қарсы топтардың арасында да шиеленісті күшейтіп отыр.
Абзал Құспан қоғамдық талқылаудың мәдениеті сақталуы тиіс екенін атап өтті. Ол сынның дәлелге негізделуі, ал келіспеушіліктің заң аясында шешілуі қажет екенін айтты. Сонымен қатар, жеккөрушілік тудыру, араздық қоздыру және зорлық-зомбылыққа шақыру заңмен тыйым салынғанын еске салды.
Депутат қоғамды әдейі бөлшектеуге бағытталған ақпараттық әрекеттердің көбейгенін де тілге тиек етті. Оның пікірінше, мемлекеттік институттарды жаппай қаралау мен адамдарды бір-біріне қарсы қою – сөз бостандығы емес, жауапсыздықтың көрінісі.
Сөз соңында Абзал Құспан азаматтарды «Заң мен Тәртіп» қағидатын сақтауға шақырып, әр адам өз сөзі мен ісіне жауапкершілікпен қарауға тиіс екенін жеткізді.
Ең алаңдатарлығы - осындай тақырыптардың айналасында әдейі қоғамды бөлуге тырысатын, әлеуметтік алауыздықты қоздыратын мәлімдемелердің көбеюі. Бұл кездейсоқ құбылыс емес. Бұл – қоғамдық пікірді басқарудың қауіпті тәсілі. Мемлекеттік институттарды жаппай қаралау, қоғамды бір-біріне айдап салу - бұл сөз бостандығы емес. Бұл - жауапсыздық. Сондықтан менің ұстанымым айқын: Біз «Заң мен Тәртіп» қағидатын сөз жүзінде емес, іс жүзінде қамтамасыз етуге міндеттіміз. Қоғамдық талқылау болуы керек - бірақ ол жауапкершілікпен жүргізілуі тиіс. Сын болуы керек - бірақ ол дәлелге негізделуі тиіс. Келіспеушілік болуы мүмкін - бірақ ол заң аясында шешілуі тиіс. Бізде бұл үшін барлық институционалдық тетіктер бар. Нақты мәселе алаңдатқан адам - диалогқа келсін. Ұсыныс берсін. Бақылауға қатыссын. Бұл - дұрыс әрі нәтижелі жол, - деді Абзал Құспан.