Жуырда мәжілісте «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға енгізілетін өзгерістер талқыланды. Депутат Еділ Жаңбыршин бұл заң жобасына қатысты қоғамда қате түсінік тарағанын атап өтті. Оның айтуынша, ұсталған барлық жануарларды міндетті түрде эвтаназия жасауға жіберіледі деген пікір шындыққа сәйкес келмейді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Темір Қырықбаев та бұралқы иттер мен қараусыз қалған жануарлар мәселесін шешуде қолданыстағы заңның нәтиже бермей отырғанын айтады.
«Бүгінде ел ішінде қаңғыбас ит-мысықтар мәселесі өршіп бара жатқаны ақиқат. Бұралқы иттен зардап шегушілердің саны азаймай тұрғандықтан, топтасып көше кезген, аулада емін-еркін жүрген иттер көбеюде. Расында, бұралқы иттер мен қараусыз қалған жануарларды реттеуде қолданыстағы заң нақты нәтиже берер емес. Оның ішінде заңдағы қарама – қайшылықтар, бұралқы иттер мен қараусыз қалған жануарларды реттеудегі кемшіліктер, жергілікті әкімдіктердің бұл бағыттағы жұмысты өз деңгейінде ұйымдастыра алмауы заң жобасын әзірлеуге түрткі болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, біз жануарларға қамқорлық жасағанымыз дұрыс, бірақ олардың қоғамға төндіретін қаупіне, балаларға шабуылына жол бермеуді заң аясында реттеуді қажет етеді. Осы орайда бұралқы иттер мен қараусыз қалған жануарларды реттеуде жергілікті әкімдіктегі тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінен аудандық ветеринария саласына өткізуді жөн деп есептеймін», – дейді ол.