Халықаралық бокс федерациясы – International Boxing Federation (IBF) орта салмақтағы боксшылардың жаңартылған рейтингін жариялап, қазақстандық чемпион Жәнібек Әлімханұлы есімін тізімнен алып тастады. Бұл шешім спортшы төңірегіндегі допинг дауы мен чемпиондық белбеуден айырылуына байланысты қабылданған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жаңартылған рейтингке сәйкес, қазіргі таңда IBF нұсқасы бойынша орта салмақта чемпиондық атақ бос тұр. Тіпті бірінші орын да иесіз қалған. Бұл дивизиондағы жағдайдың күрделі әрі тұрақсыз екенін көрсетеді.
Ал тізімдегі өзгерістерге келсек, екінші орынға италиялық боксшы Этиноза Олиха көтерілсе, үшінші сатыға жеңіліс көрмеген ирландиялық Аарон Маккенна жайғасты. Сарапшылардың пікірінше, бұл екі спортшы алдағы уақытта чемпиондық белбеуге негізгі үміткерлер қатарында.
Еске сала кетейік, 11 наурыз күні IBF Жәнібек Әлімханұлын ресми түрде орта салмақтағы әлем чемпионы атағынан айырған болатын. Осыдан кейін қазақстандық боксшы ұйымның шешіміне қатысты өз наразылығын білдіріп, пікірін ашық жеткізді.
Соған қарамастан, World Boxing Organization (WBO) тұжырымы бойынша Жәнібек чемпиондық мәртебесін сақтап қалды. Дегенмен, бұл ұйым да спортшыға қатысты тәртіптік шара қолданып, оны бір жылға дисквалификациялау туралы шешім шығарған.
Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, Жәнібек Әлімханұлы желтоқсан айында WBO белбеуі үшін титулдық жекпе-жек өткізуге ниетті. Егер бұл жоспар жүзеге асса, қазақстандық боксшы рингке үлкен үзілістен кейін оралып, өзінің чемпиондық деңгейін қайта дәлелдеуге мүмкіндік алады.