Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасында «Шалқар» радиосының 60 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтіп, жаңа кітап таныстырылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Шараға ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, ҚР Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов, ҚР Журналистер Одағының төрағасы Сейітқазы Матаев, «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Ернұр Бурахан, «Шалқар» радиосының ардагерлері мен қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Салтанатты жиынды ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысының ыстық ықыласын жеткізіп, ашты. Сенат және Мәжіліс төрағаларының, Премьер-министрдің, Мемлекеттік Кеңесші, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрінің құттықтауларын ҚР Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов жеткізді.
ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысының «Алғыс хаты» мен «Құрмет грамоталарын» радионың дамуына үлес қосқан ардагерлер мен қызметкерлерге табыстады.
Сондай-ақ, ҚР Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов ведомосталық наградалармен марапаттады.
Арнаның 60 жылдығына орай жарық көрген «ҰЛТТЫҢ ҮНБАЙРАҒЫ» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.
Сонымен қатар, мерейтой аясында қазақтың тұңғыш радиодикторы, Қазақ радиосының ардагері, КСРО-ның Құрметті радисі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Мина Сейітова атындағы дикторлар байқауы жарияланды. Байқаудың демеушісі жазушы Ғабиден Құлахмет атындағы қоғамдық қор. Байқау шарттары туралы толық ақпарат «Шалқар» радиосының сайтында (https://qazradio.fm/shalqarfm/kz/).
Наурыз айының басында Алматы қаласындағы «Радио үйі» ғимаратында толық жөндеуден өткен студия ашылып, оған қазақтың тұңғыш радиодикторы Мина Сейітованың есімі берілді.
Мерейтойлық шара барысында «Шалқар» радиосында әр жылдары еңбек еткен ардагерлер және қонақтар естеліктерімен бөлісіп, әсерлі кештің куәсі болды.
АНЫҚТАМА:
«Шалқар» ұлттық арнасы алғаш рет Қазақ радиосының «Соңғы хабарлар» редакциясының аясында құрылған. 1966 жылы 1 қаңтар күні сағат 19:00-де дауылпаз диктор Әнуарбек Байжанбаев ақпаратты-сазды «Шалқар» бағдарламасының эфирге шыққанын ресми түрде хабарлады.
Жеке радиотолқында хабар таратқан «Шалқар» бастапқы кезеңде тәулігіне 2 сағат эфирге шықты. Уақыт өте келе ол 6, 10, 12 сағатқа дейін ұлғайып, кейін тәулік бойы үздіксіз жүргізілді. Қазіргі таңда радио күніне 18 сағат хабар таратады.
Арна құрылған күннен бастап ұлттық өнерді, әдебиетті, халық мұрасын және дәстүрлі құндылықтарды насихаттауды басты бағыт етіп келеді.
Әр жылдары «Шалқар шаңырағы», «Саз сарайына саяхат», «Баспа базарлығы», «Армысың, ағайын!», «Ауыл және адамдар», «Мирас», «Қасиетті қағидалар», «Mұрагер», «Шаңырақ шаттығы», «Замандас жайлы сыр», т.б. хабарлар шықса, қазіргі кезде «Атадан қалған асыл сөз», «Күй-шежіре», «Наридірген», «Інжу-маржан», «Тоғыз тарау», «Дарабоз», «Бүгінгі сөз», «Шалқар таңы», «Сөз киесі», «Темірқазық», «Жәдігер», «Ғылым кілті», «Жылқы жыры», «Нысана», «Жақсының жары» т.б. хабарлар әуе толқынынан беріліп келеді.
«Шалқар» бағдарламасының қалыптасу кезеңінде Мифтах Жантикин, Едіге Әбдіғапаров, Таңатқан Рсаев, Бек Дәулетбаев, Уақап Қыдырханұлы, Зәмзам-Шариф Тарғақов, Мансұр Сағатов, Кенжебек Есімов, Мадрид Рысбеков, Сәркен Оспанов, Дулат Исабеков, Досан Жанботаев, Жеңіс Қашқынов, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Кеңесжан Шалқаров, Руслана Құдайбергенова сынды ардагер мамандардың еңбегі зор.
Бүгінде «Шалқар» радиосының хабарлары ел тұрғындарының шамамен 73 пайызын қамтиды. 1999 жылы уақытша жабылғанға дейін жоба «Шалқар» бағдарламасы ретінде белгілі болды. 2002 жылы (2 жыл 11 айлық уақытша үзілістен соң) қайта ашылып, «Шалқар» ұлттық арнасы» атауы қалыптаса бастады. Ал 2014 жылғы 10 ақпаннан бастап қазіргі «Шалқар» радиосы атауымен жұмыс істеп келеді.
Арна атауына сай 2020 жылғы 1 қыркүйектен бастап жаңа маусымда мазмұндық бағыт жаңартылып, эфирде қазақтың дәстүрлі музыкасы, ұлттық мәдениеті мен әдебиеті, сондай-ақ «Алтын қордағы» мұралар кеңінен насихаттала бастады.
Бүгінде «Шалқар» радиосы және «Qazaq radiosy»мен «Classic» радиосы «ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ» ЖШС құрамында хабар таратады.