Аяқ айқастырып отыру зиян ба? – ғалымдар жауап берді

/
Аяқ айқастырып отыру зиян ба? – ғалымдар жауап берді
сурет: istockphoto.com

Физиотерапия және медицина саласындағы зерттеушілер «аяқты айқастырып отыру денсаулыққа зиян» деген кең тараған пікірді теріске шығарды. Сидней технологиялық университеті ғалымдары бұл қалып варикозға әкелмейтінін және буындарды зақымдамайтынын мәлімдеді. Зерттеу The Conversation платформасында жарияланған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Мамандардың айтуынша, мәселе адамның қалай отырғанында емес, бір қалыпта ұзақ уақыт қозғалмай отыруында. Яғни негізгі қауіп – қозғалыстың жетіспеуі.

Ұзақ уақыт бойы «аяқты айқастырып отыру омыртқаға зиян, тізені тоздырады, қан айналымын бұзады» деген пікір қалыптасқан. Алайда қазіргі ғылыми деректер бұл тұжырымдардың көп жағдайда негізсіз екенін көрсетеді.

Зерттеушілер бұл мифтің шығуын мәдени көзқарастармен байланыстырады. Бұрын тік отыру мен аяқтарды түзу ұстау «дұрыс тәрбие» белгісі саналған. Уақыт өте келе бұл түсінік медициналық «қағида» ретінде қабылданып кеткен.

Ғалымдар буындар табиғатынан үлкен жүктемелерге төтеп бере алатынын атап өтті. Мысалы, жүгіру немесе баспалдақпен көтерілу кезінде түсетін күш отыру кезіндегі жеңіл қысымнан әлдеқайда жоғары. Сондықтан қысқа уақытқа аяқ айқастыру буындарға айтарлықтай зиян келтірмейді.

Сондай-ақ варикозға қатысты қорқыныштар да дәлелденбеген. Бұл ауру көбіне тұқым қуалаушылық, жас, артық салмақ немесе ұзақ уақыт тік тұрып жұмыс істеумен байланысты. Аяқты айқастыру қан айналымына уақытша ғана әсер етуі мүмкін, бірақ аурудың негізгі себебі емес.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары