Қарыздан табысқа: Жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан жоба

/
Қарыздан табысқа: Жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан жоба
Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «AMANAT» партиясы бастамашы болған «Қарызсыз қоғам» жобасының тиімділігіне баса тоқталып, оның игілігін бүкіл еліміз көруі керек екенін айрықша атап өткен болатын. Тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру, заманауи қаржылық білім мен дағдыларды меңгеруіне жағдай жасауды мақсат еткен  жоба үш жыл ішінде қаржылық тығырыққа тірелген көптеген азаматқа көмегін тигізді. Жобаның игілігін көрген сондай жанның бірі Орал қаласының тұрғыны – Айсұлу Жанеділова.

«Өзім Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін экономист-бухгалтер мамандығы бойынша тәмамдағанмын. Сол өзім оқыған оқу ордасында жұмыс істеймін. Университеттің айлығын білесіз, аз. Бір ипотека, екі несиеміз болды. Ипотекам 16 жылға алынған еді. Үш банкке жалпы сомасы 4,8 млн теңге қарыз болдым. Сол кездері жолдасым да уақытша жұмысынан шығып қалып, несие төлей алмайтын жағдайға жеттік. Ай сайынғы несие сомасы 450 мың теңге болатын. «Қарызсыз қоғам» жобасы іске қосылғалы бері мұны әлеуметтік желіден көріп, көп мәлімет оқып жүрдім. Содан соң Батыс Қазақстан облысында белгілі сарапшы, экономист Анархан Райыммен жолықтым. Ол кісі мені «Қарызсыз қоғам» жобасы арқылы көмек алуға бағыттады. «AMANAT» партиясы филиалының ғимаратына барып, бас қаладағы заңгерлерге хабарласып, несиелерімнің төлем кестесін қайта жасаттық. Қазір бәрі онлайн жасалады ғой. Банкке барудың қажеті болмады. Сөйтіп, бәрін онлайн істедік. Өзім экономист болған соң мұндай жобаларды жақсы түсінемін. Жалпы осы шаруаны реттеуге 1,5 ай ғана уақыт кетті. Сөйтіп жаңа кесте бойынша ай сайын 300 мың теңге төлейтін болдым», – дейді ол.

Айсұлу – бес баланың анасы. Үлкені студент болса, кішісі балабақшаға барып жүр. «Қарызсыз қоғам» жобасы арқылы көмек алғаннан кейін басқа кәсіп түрлерін де меңгеріп алған.

«Ай сайынғы төлемді азайтқанда пайызы өспейтін болды. Керісінше төлей алмай қалғаннан кейінгі өсімпұлдарды алып тастайды. Кредит кестесін өзгерткен соң бір жарым жыл ішінде бүкіл несиемді жауып тастадым. Енді аз пайызбен несие алуға өтінім берейін деп жатырмын. Ай сайын 450 мың кредит төлеп жүргенде қолым байлаулы еді. «Қарызсыз қоғам» жобасы арқылы ай сайынғы төлемді азайтқан соң мүмкіндігім көбейді. Төлем кестесін өзгерткен соң тендер курсын, ЭЦҚ ашып беру, анықтамалар алып беру сияқты түрлі цфирлық қызмет көрсету курсын оқып алдым. Қазір осындай қызмет түрлерін ұсынамын. Жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік сатып алу ісіне қатысамын. «Қарызсыз қоғам» жобасы болмағанда бұл кәсіптерді меңгеруім де екіталай еді. Бұл жұмысты бастай алмас па едім. Өзім «Қарызсыз қоғам» жобасы арқылы көмек алғаннан кейін айналама мұның тиімділігі мен маңызын көптеп бастадым. Көптеген туыс, таныс осы жобаның игілігін көрді», – дейді Айсұлу Өтеуқызы.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары