Атырау облысының прокуратурасы құны 10 млрд теңге болатын құс фабрикасын салу жобасын іске асырып жатқан «Atyrau Chicken» ЖШС инвесторының құқықтарын қорғады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Аталған инвесторға қатысты «Атырау Жарық» АҚ электр энергиясы тарифтерін қолдану кезінде әлеуметтік маңызы бар өнім өндірушілерге қарастырылған заңды жеңілдіктер (жеңілдік тарифтер) ескерілмеген.
Тек прокуратураның араласуынан кейін электр энергиясының тарифі төмендетіліп, негізсіз есептелген төлемдерге қайта есеп жүргізілді.
Нәтижесінде инвестор ай сайын 600 мың теңгеден астам қаражат үнемдеуге мүмкіндік алды.
Сондай-ақ құны 800 млн теңге болатын тауық етінен жартылай фабрикаттар өндіру жобасын іске асырып жатқан инвесторға да тарифтердің негізсіз жоғарылауын төмендету бойынша осындай көмек көрсетілді.
Жалпы алғанда, облыс прокуратурасы әлеуметтік маңызы бар тауарлар өндірумен айналысатын 15 кәсіпкердің құқықтарын қалпына келтірді.
Қабылданған шаралар ішкі нарықтағы баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге және отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған.
Инвесторлардың құқықтарын қорғау жұмыстары жалғасатын болады.